Ана сөзі: "Ноғаев мырза, сіз сөзіңізде тұрмадыңыз!" (видео)

Dalanews 23 июл. 2016 15:28 1181



Бүгін Атырауда Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның кезекті отырысы өтті. Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында комиссия мүшелері түрлі пікірлері мен ойларын ортаға салып жатқан. Шенеуніктердің "тәтті" әңгімесі мен тікелей эфирді түрмеде тергеуде жатқан қоғам белсенділері Талғат Аян мен Макс Боқаевтің аналары үзді.




Ақ жаулықты апалардың екеуі де мұғалім. Ұлдарымызды патриот және әділ етіп өсірдік деген олар, Тоқтар Төлешов туралы ертегіні 7-ші сынып оқушыларына айтыңдар дейді.

[caption id="attachment_18099" align="alignright" width="364"]4bd88880c8d90da7c4399d01e2c9e8c6_XL Атыраудағы жер комиссиясының отырысы[/caption]

- Мен ешкімге сенбеймін, сондықтан бар шындықты осы халықтың алдында айтқалы отырмын. Себебі, ертең 10-15 күнен кейін баламның соты болады. Менің балам әппақ, өзім мектепте мұғалім болып 35 жыл жұмыс істедім. Баламды өте жақсы тәрбиеледім. Мектепті қызыл аттестатпен бітірді, сосын Әл-Фараби атындағы университеттің заң факультетіне түсіп, оны да бітіріп шықты... Баламның статьясы менің қолымда тұр. Он қайтара оқып шықтым. Үтір-нүктесіне дейін білемін, жаттап алдым. Ендеше тыңдаңыздар, айтайын... Төлешов деген біреу бар екен Шымкентте. Ол менің баламды сыртынан көріпті де ұнатып қалыпты, содан 100 мың доллар ақша жіберіпті. Ол ақшаны көмекшісіне берген, көмекшісі өзінің көмекшісіне берген, ол Ақтауға жеткізген, Ақтаудағы біреу 1000 теңгеге такси ұстап, Атырауға келіпті де ақшаны Талғатқа беріпті. Осындай ертегіге сенесіздер ме? Мынаны менің 7-класта оқитын балдарыма айтса сенбейді ғой. Сіздер қалай сеніп отырсыздар? - дейді Талғат Аянның анасы. Ол Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа "сөзіңде тұрмадың" деп ренішін айтты.

- Мен өзім 24 сәуір күні митингке шыққан жоқпын, бірақ видеосын бастан-аяқ көрдім. Баламның не айтқанының бәрін білемін. Ноғаев мырза, сол жерден сізді көргенде де қатты қуанған едім, біздің облысқа да жақсы басшы келіпті ғой деп. Бірақ, сіз сөзіңізде тұрмадыңыз ғой, неге жауға ұстатып бердіңіз баламды? Айтыңызшы? 24 сәуірден кейінгі митингтен 1 апта өткен соң баламды қамап тастады, бірақ 21 мамырдағы митингке қатысы бар деп айыптап отыр. Айтыңыздаршы, ол бұл уақытта түрмеде жатты ғой, түрмеде жатқан адам қалай митингті басқарады, елді қалай үгіттейді түрмедегі адам? - дейді ашынған ана.

[caption id="attachment_18102" align="alignright" width="338"]_14577720458 Макс Боқаев пен Талғат Аян[/caption]

Естеріңізде болса, 24 сәуірде Атырауда болған митингтен кейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оған қатысқандардың ешбірі жазаланбайды, қудаланбайды деп уәде берген болатын.

Макс Боқаевтің анасы 42 жыл педагог болған, бүгінгі таңда зейнеттегі қария. Ол да өзінің ұлының мұндай қылмысқа барғанына сенбейді.

- Әрбір қазақ өзінің ата-бабасынан қалған жердің біртұтастығын қалайды, кім көрінгеннің қолында кетпегенін қалайды. Сол үшін бейбіт шеруге шыққан халық үн тастады, пікір білдірді. Оның мемлекеттің қауіпсіздігіне қандай қатысы бар екенін мен түсінбей отырмын. Бұл көтеріліс емес, бұл бар-жоғы пікір білдіру екенін неге түсінбейміз? Митингке шыққандарды жау деп есептеу - патриотизмге қарсы қағылған сына деп есептеймін.

https://www.youtube.com/watch?v=kaNazpLJLFQ

 

https://www.youtube.com/watch?v=chsqK9MxnEE

Дереккөз: sn.kz




Рекомендовать
Последние новости