Амандық Баталов: "Шекаралық аудандар қараусыз қалмайды"

Dalanews 23 дек. 2019 10:16 842

Биылғы жыл елдің ерекше назары ауған өңірдің бірі – Алматы облысы. «Жерді игеруге қытайлар келіп жатыр мұнда» деген алып-қашпа сөздер де болды.

Ал шекаралас аумаққа жататын Панфилов ауылдық округі әкімі азаматтық белсендіге оқ атқаны үшін ұсталып, бұл мәлімет те елді елең еткізді. Сол секілді өңір басшысы уәде еткенмен, «Алтын орда» маңындағы жол орамы биыл сол күйі аяқталмады. Шамалғандағы пойыз бен автобустың соқтығысуы да бүкіл ел халқының жүрегін ұшырған. Осы жайттарды назарға алған Экспресс-К басылымы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен сұхбаттасқан екен.

Сұхбатымызды әлеуметтік-экономикалық мәселеден бастасақ. Елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 17 проценті Алматы облысына тиесілі екен. Бұл қомақты көлем. Осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз...

Елбасы мені облыс әкімі қызметіне тағайындағанда ауыл шаруашылығын дамытып, ауылды көтеруді тапсырғанын бәрі біледі. Әрине, жасалуы тиіс жұмыс көп болды. Ауыл шаруашылығының өзі әртүрлі бағытқа бөлінеді. Бізде соның қай бағытын қолға алған тиімді?

Соны анықтау үшін халықпен кездесулер өткіздік. Алматының атақты апортын қайта өсіру қажет болды. Оның жоғалып кете жаздаған кезі болған. Ал қазір біз апортты «тірілттік» деп сенімді түрде айта аламыз.

Иә, инвесторларды тарта отырып, Еуропадан ешқандай кем жері жоқ 20 мың гектардан аса аумақта апорт бақтарын жайқалтып қойдық.


Алманың бұл сорты тек жеті жылдан кейін ғана жеміс береді және күрделі ауылшаруашылық технологиясын қажет етеді. Біз оны қайта жандандырдық.

Жақында біз бұл бақтарды Үкімет басшыға көрсеттік, ол оны одан әрмен кеңейтуді тапсырды. Өткенде бір кәсіпкерді кездестірдім, ол Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінен келген саудагерлер бір-бірімен таласып, бағаны көтеріп, қоймадағы бүкіл алманы сыпырып әкеткенін айтты. Яғни біздің алмаларға деген сұраныс, міне, осыншалықты жоғары!

Сонымен қатар біздің жер Қоғалы және Кеген картоптарымен және басқа да көкөніс өнімдерімен баршаға танымал. Өткен жылы біз элиталы голландиялық картоп тұқымын сатып әкеліп, еккенбіз. Одан өзіміздің сапалы тұқымды алдық, енді оны шаруаларға лизингке беріп жатырмыз. Бәріне жетеді, оны 5 мың гектар алқапқа егуге болады.

Егер бұрын әр гектардан 170 центнер картоп алатын болсақ, биыл 300 центнер, яғни екі есеге жуық өнім алынды, біз бұл бағыттағы жұмысты жандандыра беретін боламыз.


Ауылшаруашылық өнімдері алқабы мен алатын өнім көлемін ұлғайтуды ғана емес, сонымен қатар қайта өңдеу өндірісін де жандандыруды қарастырып жатырмыз.

Бұл бағытта біз Farm Frites компаниясымен, осымен үшінші жыл келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл зауыт Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияны картоппен қамтамасыз ететін болады. Жоба іске асырылу сатысында.

– Жақында өткен инвестициялық форумның нәтижелері қандай және қатты қалдықтарды өңдеу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Инвестициялық форумның нәтижесіне көңіліміз нық толады. Өйткені формальдылықтан гөрі дайындық жұмыстарына мұнда көп басымдық берілді.

Оны ұйымдастыруға кәсіби мамандар тартылғандықтан да шығар, ол сәтті өтті. Оған көптеген ірі бизнес және дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері қатысты. Біз онда маңызды меморандумдарға қол қойдық.

Форумнан кейін нақты кездесулер де болды. Мәселен, KUSTO компаниялар тобы Алматы облысын ет өндірісінің орталығына айналдырғысы келетінін айтты. Ол үшін мұнда 100 мың басқа арналған 10 бордақылау алаңын салуды ұсынды.

Бұл бизнес мультипликативті әсерге ие болады: жем керек, жер қажет. Ол үшін ирригациялық желілерді ретке келтіру керек.

Ирригациялық желінің ең үлкені шамамен 17 мың шақырым, 144 су қоймасы. Мұның бәрі осы бағдарламаға кіріп кетеді.

Форумда Панфилов ауданында ірі құс фабрикасын салғысы келетін компания өкілі де сөз сөйледі. Қасында Қытайдың үлкен нарығы тұр. Соған қызығып отыр. Барлық өнімдер сонда өткізіледі.


Бұл – тек, тілге тиек етілген бірнеше мысал ғана.

Енді осы жобалар іске қосылса, қаншама жұмыс орындары пайда болады және адамдар жақсы жалақы ала бастайды.

Ал екінші сауалға келер болсақ, облыста жылына миллион тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтар жиналады, оған қоса 600 мың тоннасы Алматыдан әкелінеді. Өңдеуді қажет ететін бізде қоқыс көп жиналады.

 Осы мәселені шешуге француздық инвесторлар атсалысуға бізге уәде берді. Олармен бірге өңірде қоқыс полигонын салу мәселесін пысықтаған болатынбыз.

Бүгіндері бізде 14 қоқыс полигоны бар, бірақ олар қазіргі заманғы талаптарға сай емес. Оларды француз компаниясы ретке келтіруі керек. Өйткені олардың осы салада мол тәжірибесі бар. Біз оларға екі нұсқаны ұсындық: біреуі Талғар маңынан полигон жасап, кейін тура сол арадан қоқысты өңдеу өндірісін дамытуға болады. Дәл осыны Талдықорған маңында да жасауға болады дедік.

Бұл да біздің инвестициялық форумның нәтижесі.

– Мемлекет басшысы нан бағасын көтеруге тыйым салды. Бірақ Сіздің кейбір аудандарда баға өсімі тенденциясы байқалады. Алматы облысында нан бағасы қандай және бағаны ұстап тұру үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Бізде баға өсім жоқ. Тапсырма берілді, біз бірден тиісті шараларды қабылдадық. «Жетісу» ӘКК үнемі шығынға жұмыс істейтін, айтқандай енді ол да ақша табуға көшті. Олар арқылы облыстың наубайханаларына 238 миллион теңгенің ұнын сатып алдық. Соның арқасында біздегі әлеуметтік нан бағасы 85 теңге тұрады. Осылай мәселені бір апта ішінде шештік.

Басқа әлеуметтік маңызы бар өнімдерге келетін болсақ, яғни аздап маусымдық жағдайға байланысты өсім бар, бірақ жалпы бағалар тұрақты. Жалпы, бұл жағдай бақылауда, қажет болған жағдайда «Жетісу» ӘКК тұрақтандыру қорын пайдаланамыз.

– Панфилов ауылдық округі әкімінің азаматтық белсендіге оқ атқаны үшін ұсталғаны туралы мәлімет бар, соған түсініктеме бере кетсеңіз. Сондай-ақ жасыл аймақта жерді заңсыз сату мәселесі болған дей ма?..

– Әрине, бұл оқиғамен мақтана алмаймыз. Ол кезде мен ішкі істер департаментінің бастығына бұл жағдайды зерттеп, оны дереу шешуді тапсырған болатынмын. Құқық қорғау органы кінәлілерді тапты, олар өз жазасын алатын болады.

Жер теліміне келетін болсақ, округке жаңа әкім тағайындалды. Бүгінгі таңда ол қоғамдық белсенділермен тығыз жұмыс істеп, олар көтерген барлық мәселе өзекті әрі шынайы деп санайды.


Жасыл аймақта мәселе әрқашан болған. Өйткені Алматы қаласының маңындағы елді мекендердің жер телімдері үлкен сұранысқа ие. Кезінде кейбір адамдар жер актісін алған. Қазір біз прокуратурамен бірге бұл мәселені қатаң бақылауға алдық. Ағаштарды кесіп, құрылыс салуға жол бермеудеміз.

Көп адам: «Біздің қолымызда жер телімінің актісі бар, неге ағашты кескізбейсіңдер, неге үй салғызбайсыңдар» деп шағымданады.

Шындығында, бұл жер телімі актілері «қызыл сызық» пен «құрылыс сызбасы» деген заңдылықтарды бұза отырып, заңсыз берілген. Біз бұл мәселелердің барлығын бақылауда ұстаудамыз.

Райымбек пен Кеген облыстарының шекаралық аймағында жол салу мәселесіне келсек. Атап айтқанда, Кеген мен Нарынқол арасына дұрыс жол қашан түседі?

– Біз шекаралас аумақтарға ерекше назар аударамыз. Алматыдан Қорғасқа дейін 304 шақырым жол салынды, енді Кеген мен Нарынқол арасындағы жолға кезек келіп тұр.  

Бұл жол республикалық маңызға ие болғандықтан, оны күрделі жөндеуге ұсыныстар енгіздік, жобасы жасалып жатыр.


Бүгіндері облысқа қайта жан бітуде. 2000-нан астам жас елді мекендеріне оралды. Сондықтан жолдар аймақтың дамуы үшін өте маңызды.

Бүгіндері тағы бір жолдың құрылысы аяқталуға жақын, жыл соңына дейін ол да аяқталады.

Көлсай көліне дейін жол салынды, бұл туристер санын едәуір арттыруы тиіс. Келесі жылы Қайыңдыға дейін 14 шақырым жол салуды жоспарлап отырмыз.

Жол демекші, өткен жылы Сіз «Алтын Орда» жол орамасын тез аяқтауды бұйрғансыз. Алайда жанар-жағармай бекеті мен жеке жер иелеріне қатысты ол арада проблема бар көрінеді. Сонымен бұл жол орамасын салып біту қашан мүмкін болады?

Болашақ ешқайда қашып кетпейді. Кептелісті азайтуға байланысты бұл бастаманы кезінде біз көтерген болатынбыз. Үкіметке ұсыныс жасап, жап-жақсы жобаны дайындадық. Көп талқылау болды, қай жол орамасын қай жағынан саламыз дегеннің төңірегінде, әсіресе.

 Транзиттік көліктерге, сол жердің жол қозғалысына, автобустарға арналған жолақтар мәселесін бөлек-бөлек қарап, шештік. Жер телімін мемлекет меншігіне алу мәселесін де шештік. Жанар-жағармай бекеті жол құрылысына кедергі келтірмейді. Мәселе онда емес. Ол арада мердігер компания дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ деп ойлаймын.  Бөлінген ақшаны баяғыда дұрыстап игеруге болатын еді. Қалай дегенмен де, құрылысты аяқтауды соңына дейін талап ететін боламын.

– Шамалғанда пойыз бен автобус соқтығысып, қайғылы жағдай орын алғанын жақсы білесіз. Ол араға көпір қашан салынады?

– Бұл – өте қиын және қайғылы жағдай. Қайғылы оқиға теміржол өткелінде болды. Ол арадағы көлік ағыны өте үлкен. Бұл мәселені біз үнемі көтеріп келеміз.

Бүгінгі күні жоба анықталды, кез -келген көлік түрінің ауыртпалықсыз өтуін ескере отырып, жол торабы салынады. Біз өз кезегімізде 360 миллион теңге бөлеміз. Біз екі жағынан екі жедел сатымен көтерілетін жолүсті көпірін саламыз. Қазірдің өзінде оны қолға алып, жүзеге асыра бастадық.

– Оңтайландыру аясында облыста қанша ауыл жойылады және ауылдық округтердің бюджет мәселесі қалай шешілуде?

– Облыста келешегі жоқ ауылдар жоқ, сондықтан ешқандай ауылдық округ оңтайландыруға жатпайды. Кейбір ауылдық округтерде 30 мыңға дейін адам тұрады. Сондықтан мұндай орындардың өз әлеуеттерін дамытуға мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Ал шағын ауылдардың бюджетін өз тарапымыздан қолдап отырамыз, оларға жеткілікті деңгейде қаражат бөлеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жаздағы сапары кезінде халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген еді ...

– Бізде 742 елді мекен бар. Сонымен қатар республика бойынша ауызсумен қамтамасыз етудің ең жоғары көрсеткіші Алматы облысына тиесілі. Өткен жылы ол 86% құрады. Бөлінген ақша есебінен жасалып, ақша дұрыс игерілді, биыл біз бұл көрсеткішті 91 пайызға жеткіземіз, бұйыртса.

– Өңірдегі үш ауысымды мектептер мәселесі қашан шешіледі?

– Алматы облысында мұндай проблема бар. Үш ауысымда қазір 38 мектеп балаларға білім беруде. Мұның екі себебі бар. Біріншісі – демография, екіншісі – ішкі көші-қон.

 Біздің Алматы облысында жыл сайын 50 мың бала дүниеге келеді. Биыл 46 мың бала бірінші сыныпқа барды. Ал жалпы, оқушылар саны 100 мың балаға артты.


Біз жобалық-сметалық құжаттаманы дайындадық, бүгін шамамен 15 мектеп салып жатырмыз. Оның бесеуі биылғы оқу жылының басында өткізіліп берілді, ал қалғандары келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, үш ауысымдық индикаторды үш-төрт жылдың ішінде жойғымыз келеді.

– Өңірге газ қалай жүргізіліп жатыр? Біздің білуімізде, тіпті облыс орталығы да газға толықтай көшпеген ғой...

– Бұған дейін Алматы облысын газдандыру көрсеткіші 9% шекте болған. Алматыдан Талдықорғанға дейін газ құбырын жүргізіп, ауқымды іс жүзеге асырылды, ол үшін Үкімет ақша бөлді. Одан бөлек, біз жеке инвесторларды тартып, жыл сайын жергілікті бюджеттен ақша бөліп бұл мәселені шешуге үнемі атсалысамыз.

Мәселен, Талдықорғаннан Текеліге дейінгі газ құбырына 1 миллиард 400 миллион теңге бөліп, магистральды өзіміз салдырттық.

Бүгінгі таңда Балқаш ауданының Бақанасында, Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзекте, Қаратал ауданының Үштөбесінде автоматтандырылған газ стансалары тұр. Жалпы, 12 ауданда газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Газдандыру деңгейі 30%-ға жетті. Бұл жұмыс әрмен қарай өз жалғасын табады.

Кеген мен Нарынқолға, Ақсу ауданына, Сарқанға, Үшаралға дейін газдандыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл – өте маңызды. Мәселен, сонда Ақсу қант зауытын газға көшіруге болады. Жалпы, газдандыру жұмыстары жүріп жатыр және жақсы қарқынмен жүруде.

 

 

Рекомендовать
Последние новости