Марғұлан Сейсембай: "Басшының ары таза болуы керек"

Dalanews 23 дек. 2019 09:40 1091

Соңғы жылдары қоғамдық жұмысқа қауырт араласып, халықтың саяси-қаржылық сауатын ашуға атсалысып жүрген танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдан бизнестегі үзеңгілесі Арманжан Байтасов сыр суыртпақтаған екен.


Сейсембай саясатқа араласуы мүмкін бе, таққамінерлер мен атқамінерлерге қойылар талап қандай, біз қашан бақуатты боламыз, үкімет неге кәсіпкердің асына ортақтасып отыр? Осы сыңайдағы көптің көңілінде жүрген бірқатар сауалға жауап қатыпты Марғұлан мырза.


- Марғұлан, соңғы жылдары біржолата қоғамдық жұмысқа ойысып, әлеуметтік желіде әжептәуір оқырман жинап үлгердің. Мұндағы мақсатың не?


– Мен үшін ақша, дүние, атақ қуу баянсыз іс. Себебі құндылық емес. Белгілі бір өлшем бар. Сол деңгейге жеткенде, соған жетеқабыл болғанда  ақша табу мақсатсыз, мағынасыз іске айналады.


Қоғамдық жұмысқа ойысу туралы ой көпке дейін көкейімде пісіп-жетіліп келді. Сүріп жатқан өміріме мән-мағына беретін іспен айналысқанды жөн көрдім.


Осы өмірдегі мұратым ақшаның соңынан салпақтау емесін әлдеқашан көңілге түйгенмін. 


Кейіннен әлгі дауға шатылып (2009 жылы кәсіпкер Альянс банктің қаржысын жымқырды деп күдіктеліп, тергелген болатын) жеті жыл уақытым соттың табалдырығын тоздырумен өтті.


Ұлтқа, қоғамға қызмет қылу. Төрт жыл бұрын осы ұйғарымға тоқтап, біржолата бекідім.
"Ендігі қалған ғұмырымды қоғамға, қоршаған ортаға титтей болса да пайдам тиерліктей өткізем" деп өз-өзіме серт бердім.


Кәсіпкер ретінде көрген-түйгенімді жұртпен бөліскім келді. Алдымен біздің жүйедегі жауапсыздықтың шырқау шегіне жеткенін сынға алдым. "Мен жауап беремін" атты жоба биліктің қытығына тиді, білем.


Қырық күн бойы қудалап, тергеп-тексеріп, ақыр соңы әлгі жобаны жауып тындым. Бәрібір байыздаған жоқпын. Күресудің өзге жолын таптым.


Мен мына қоғамға қарыздармын. Осы елде туып-өсіп, осы елде білім алдым. Кәсіп қылдым, азды-көпті абырой жинадым. 


Ердің жасынан асқан әрбір азамат артындағы елге берешек екенін түсініп, барымен бөлісуі керек. Мұны тек табысымен бөлісу деп түсіну қате, біліміңді, тәжірибеңді осы қоғамның игілігіне сарп етсең борышыңды өтегенің.


– Қоғамдық ортада, әлеуметтік желіде болсын сен сөз ететін мәселелердің шешімі саясатқа тіреліп тұр. Солай ғой?


– Әлбетте.


– Бәлкім саясатқа араласар ойың бар шығар? Қозғалыс немесе саяси партия құруды қойын дәптеріңе түртіп қоймадың ба?


– Қоғамға қызмет қылуды саясаттың шекарасымен шектеу жөн емес. Саясат сайқал қатын. Онымен ілесе жүретін даңқ, дақпырт, биліктің бууына масайрау бет алған бағытыңнан адастырып тынуы мүмкін.


Халыққа қызмет етуде қоғамдық жұмыстан тазасы жоқ. Билікке таласам, мансап қуам деп Марғұлан деген атымды ластағым келмейді.


Өз басым азаматтық қоғамға, осы қоғамдағы көзі ашық, көкірегі ояу белсенді азаматтарға сенемін. Ал билікке... Билікке мүлде сенбеймін.


Бұ заманда елді шенді-шекпенділер емес, осы қоғамдағы күн тәртібін қалыптастыратын азаматтар басқарады есептеймін.


Кез-келген жүйе қоғамның талап-тілегіне құлақ аспай тұра алмайды. Күн тәртібі дегеніміз тұтас қоғам талқыға сап, таразыға тартатын мәселе көтеру.


Бұл қоғамдық іспен айналысатын тұлғалардың ғана қолынан келетін іс. Сен көтерген мәселе қоғамдық сипат алғанда билік сен көтерген сценарийдің соңынан ілеседі. Ілесуге мәжбүр болады. Бұл үшін міндетті түрде билікте отыру, билікке ұмтылу мақсат емес.


Әзіргі жағдайда жоғарыға барып жұрттың сөзін сөйлеймін, халыққа қызмет қылам деудің өзі утопия.


- Керісінше құр сөзбен жүйені өзгертем деу қисынсыз емес пе?


– Мен үшін Қазақстанның демократиялы елге айналғаны маңызды. Түпкі межем осы. Мұны кім, қалай жүзеге асырады дегенде көш бастар адам міндетті түрде Марғұлан болуы керек деген мұратым жоқ. Өзімді әлдебір партия жетекші ретінде көре алмаймын.


Қазақстанды демократиялы елге айналдырғысы келетін кез-келген қозғалысқа, саяси партияның қатарына қосылуға әзірмін. Тек бір талабым бар.


Әлгі ұйымның төрағасы моральды тұрғыдан маған қарағанда таза болуы тиіс.


Кез-келген көшбасшыға қойылар ең басты шарт  - ар тазалығы. Біздің жүйенің дағдысына енген мықты "хозяйственник", мықты ұйымдастырушы, білгір экономист секілді таптаурын түсініктер екінші кезектегі мәселе.


Түптеп келгенде ел басқару дегеніміз әрқашан, әркезде таңдау жасау. Дұрыс таңдау жасау үшін ең алдымен ар тазалығы керек.

Мемлекет болсын басқаны болсын мықты шаруақор адам басқаруы қажет деген авторитарлы қағидаларды санамызға сіңіріп тастаған.


Адамға сенген мұрттай ұшады. Заңы жұмыс істейтін, демократия догмалары бұрмаланбайтын, биліктің негізгі үш институты - заң шығару, атқару және сот қызметі үстемдік құрған мемлекетті нақұрыс басқарса да қауіпті емес.


Біздің қоғамның ең үлкен кеселі адамға сеніп үйренгенбіз, ал билік институттарына сенбейміз. Бұл әсте дұрыс құрылған қоғамның белгісі емес.


Демократиялы елдерде халық билік институтына сенгенмен, билік басында отырған ат төбелінбей топқа күмәнмен қарайды.


Батыстағы демократиялық институттар билік басындағы адамдарды қия бастырмайды. Оларда билік баюдың жолы деген түсінік жоқ. Қасықтап, жәшіктеп, тонналап жегісі келетіндер  билік институттарының қаһарынан қаймығады. Амалсыз нәпсісін тежеп отырады. Билікті өз қолайына қарай қолданған адамды халықтың өзі-ақ түтіп жейді.


Қазақстанда да осындай қоғамның құрылғанын қалаймын.
Менің қоғамдық жұмысқа ойысуымдағы түпкі мақсатым осы. Халықтың саяси сауатын ашу.


Қазақстанда биліктің негізгі үш институты - заң шығару, атқару және сот қызметі үстемдік құрып, дербес, тәуелсіз БАҚ пайда болғанда ғана мына мен Марғұлан байыз тауып, немере-шөберемнің ортасына барып отырамын.


– Біз қалай бақуатты боламыз? Экономика өркендеу үшін қай елден үлгі алып, қай жолмен жүруіміз керек. Оқырмандарың осы сауалды жиі қояды екен. Біздің де білгіміз келеді.


– Біздің Үкімет осы күнге дейін әрқилы, әртүрлі бағдарламаны сынақтан өткізіп көрді. Бірде-біреуі сәтті болған жоқ. Себебі көшірме. Көпшілігі көшірме. Дамыған елдердің бағдарламасын бүтін күйінде біздің өмірге бейімдеу бүгін де, ертең де жүзеге аспайды.


Табысқа жету үшін табысты адамдардың күнделікті тіршілігін бақылау мақсат емес, керісінше бай болу үшін әуелде қандай қарекет қылды соған үңілу қажет.


Былайша айтқанда бай елдердің қазіргі даму үлгісін емес, олардың осыдан 30-40 жыл бұрынғы жетістігінің бастауында тұрған жобаларды ақтару керек.


Сосын "не істейміз?" , "қайтеміз?" дегенді доғаратын кез келгендей. Үкімет "немен айналыспауымыз керек?" , "не істемеуіміз керек?" дегенге бас қатырғаны жөн. Оның жауабы жеңіл. Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту.


Мемлекеттен мықты кәсіпкер шықпайды. Үкімет осыны түсінетін кезге жетті. Оның негізгі міндеті бюджетке түсетін табысты ұқыптап үлестіру. Шетелдік инвестор, байлардан, кәсіпкерлерден түсетін салықты көмекке кедей-кепшікке тарату.


Ал салық қайдан түседі? Экономиканы мемлекеттің өзі билеп төстеп отырса кәсіпкерден не сұрайсың?
Билік экономиканы бизнеске табыстауы керек, кәсіпкерге тиеселі кеңістікті босатып беруі тиіс.


Қазіргі квазисектордың үлесі экономиканың 67 пайызы екен. Оның тендеріне қатысатын компаниялардың үлесі 10-15 пайыз. Сонда нарықтық экономикаға өткеніміз қайда? Анығы біздің елді әлі де социализм елесі кезіп жүр.


Мемлекеттің экономикадағы үлесі 10 пайыздан аспауы тиіс. Осы күнге дейін биліктегі биік мінберден бірде-біреу  "бізде жекенің дүниесіне ешкім қол сұқпайды. Біреудің өркендеген бизнесін біреудің барымталап алуыны жол берілмейді" мәлімдеген жоқ. Жекеменшікті жеке құндылық ретінде дәріптеуге біздің Үкімет құлықсыз.


Ықшамдап аударылды, әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости