"Алтынемел" ұлттық паркі: туристерге барлық жағдай жасалған

Dalanews 30 сент. 2017 08:38 2307

Жер жәннаты Жетісуда туризмді дамытып, қаржы көзіне айналдыру мәселелеріне көп көңіл бөлініп келеді. Осы бағытта «Алтынемел» ұлттық паркінің өзіндік орны айтарлықтай. Өйткені, Қазақстандағы 11 табиғат паркінің ішіндегі ең ауқымдысы саналатын ұлттық кешен 1996 жылы құрылып, содан бергі кезеңде ерекше күтімге алынған. Бұл орайда қазір де жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Жалпы аумағы 521 мың гектарды құрайтын флорасы мен фаунасы «Қызыл кітапқа» енген қорықта өсімдіктер мен жануарлардың жүздеген түрі бар. Тарихи орынның өзіндік ерекшелігін  алыс-жақыннан келгендер сезіне түсуде. Жыл сайын әлемнің әр түкпірінен осы кереметті көру үшін мыңдаған адам келеді. Биыл ғана «Алтын­емелге» 5 мыңға жуық турист аялдап, оның тамаша табиғатынан нәр алып, рахатқа бөленіпті. «Алтынемел» атауы моңғол тілінде «алтын ер» дегенді білдіреді. Аңызда Шыңғыс ханның қалың қолы Орта Азияны жаулап алу үшін осы жазық арқылы өткен деседі. Күн батып, айнала алқызыл шапаққа бөленгендегі аспан таулар­дағы қызыл нұрды көрген ұлы қолбасшы «Алтын ер» деп таңдана айтқан екен. Ұлттық табиғат қорығында келушілерге барлық жағдай жасал­ған. Қона жатса қонақ үй, аңға шықса мініс аты әзір.

Мұнда шетелдіктер үшін алты қанат ақ боз үйлер тігілген. Қорық ұжымы туристерге қызмет көрсетудің сапа­сы­на ерекше мән беріп, экскурс­сия барысында қай тілде болсын түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуді жетілдірген. Ха­лық­тық салт-дәстүрге сай мей­ман­дарға ұлттық тағам түрлері ұсынылып, құрмет көрсетіледі. Мәселен, Хайруллин парктегі жас маманның бірі. Ол Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен бірден ауылға келіпті. Қазір аудармашы ретінде қазақ, орыс тілдерін айтпағанда, 8 тілді біледі. Ағылшын, француз, испан, италиян, жапон, қытай, корей тілдерінде сөйлейді. Енді араб тілін үйреніп жүр. Шетелдіктерге өзінің туған жеріндегі қорық, атамекеннің тамаша табиғаты туралы айтудан жалықпайды. Айғайқұмдағы дыбысты физиктер құмдардың үйкелісі мен кристалды электрленудің әсерінен деп түсіндіреді. Дегенмен, ғалымдар бұл әлі де бел­гісіз құбылыс екенін айтады. Табиғат тама­ша­сы, тылсым сыры қонақтарды қызықтырады. Құмтөбенің етегінде суы тұнық, тұзды бұлақ сылдырлай ағып жатыр.

Осы мекенде Қашқарияға сапары кезінде ғалым Шоқан Уәлиханов аялдаған екен. Қорық тарихи ескерткіштерге бай. Солардың бірі – Ошақтас. Шыңғыс ханның қолы осында дамылдап, әскерге ас әзірлеу үшін осы қойтастарға үлкен қазан орнатылып, игілігін көрген деген болжамдар да бар. Алтын көпір тарихы осылай дейді. Қорық жан-жануарға өте бай. Сирек кездесетін аңдардан – құлан, қарақұйрық, арқар, түлкі, тау су­сары, қоян, құстардан – бүркіт, тазқара, ителгі, қыр­ғауыл, балықтардан – сазан, көксерке, ақмарқа, табан, тағы басқа түрлері жеткілікті. Пржевальск жыл­қысының жылдамдығы құлан­ның жылдам­ды­ғымен бірдей. Мініске көнбейді. Жылқының бұл түрін табиғатта өсіріп көру тәжірибесін Франция, Ресей және Қазақстан ғалымдары бірігіп жасап отыр. Мюнхен хайуанаттар бағынан әкелінген жылқылар жерсініп, өсіп келеді. Парктің Қату мен Қалқан тауларында 5 мыңға тарта таутеке, 500-ге жуық арқар, 4 мыңнан астам қарақұйрық есепте. Еліміздегі құланның 97 пайызы, яғни 3 мыңнан астамы осында дейді, «Алтынемел» мемлекеттік ұлт­тық табиғат паркінің бас директоры Халық Баяділов. Қорықта өсімдіктің 1800 түрі кездеседі. Мәселен, мұнда көпжылдық ағаштың өсіп тұрғанына 7 ғасыр деседі. Бұтақтары салмағын көтере алмай жантайып жатыр. Ал, ағаш діңі 8 адамның құшағына әзер сияды. Киелі ағашқа деген туристер таңданысы да ерекше. Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғат паркі Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Қорық Алматы облысында орналасқандықтан, Бас­ши ауылына, аудан экономикасына да өз үлесін қосуда. Мұнда 20 қорықшы бекеті, 40 инс­пектор келушілерге туристік бағыттарды көр­се­тіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Шетелдіктер көбіне қандай аңдарды атуға болаты­нын интернет арқылы біліп келеді. Паркте «Мың­бұлақ» туристік-рекреациялық кешені, Ба­лық­шылар үйі, орнитологиялық станса, Бес­шатыр мен Ақтау тауында тарихи-археоло­гия­лық, палеонтологиялық мұражай мен туристік кемпингтер салынады деп жоспарлануда. Әрине, осының бәрі жүзеге асса, «Алтынемелдің» келешегі кемел деуге толық негіз бар.

Рекомендовать
Последние новости