Алтынбек Ұтысханұлы: «Салафиттер бидғат түсінігін орынсыз қолданады»

Dalanews 10 дек. 2017 04:10 1460

Күн тәртібінен түспей отырған бір мәселе болса, ол – дін саласы. Өмірдегі, әлеуметтік желідегі түрлі пікірталастар дін тақырыбының қоғам өмірінде қаншалықты маңызға ие екенін айғақтап отыр. Бұл да – дұрыс. Сөзсайыс, пікірталас туындаған жерде шындық шығады.

Біз бұл туралы бірталай рет жаздық. Әлі де жазамыз. Себебі, өзектілігі өлген жоқ әлі де. Әлі де терең зерттеуді қажет етеді бұл мәселе.

Айталық, салафизмге қатысты сауалдар да, пікірлер де ала-құла әлі күнге дейін. Мәселен балағы қысқалар мен қауға сақалдылардың бәрі салафит пе? «Әруаққа сенбеймін» дейтіндердің бәрі адасқан ба? Сопылық дегеніміз не? ҚМДБ «сопылық» бағыт туралы не айтады? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталық аппаратына немесе оның аймақтағы өкілдіктеріне қабылданатын азаматтар қандай сұрыптаудан өтеді? «Қамшы» сайтында жарық көрген ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлының мақаласы осы сауалдардың басын ашыпты. Оқылымды, өзекті дүние болғандықтан ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.

Алтынбек Ұтысханұлы бірінші кезекте жалған салафизмнің ақ-қарасын ажыратып, ағымның 11 қателігін айтып беріпті. Сонымен Ұтысханұлы не дейді?

 

Сәләфилік ағымның басты қателіктері мен адасушылығы...

Біріншіден, құлшылық етпеген мұсылманды «кәпір» санайды.

Екіншіден, таухидті үшке бөлу арқылы мұсылмандарды сенім тұрғысынан адасушылықпен айыптайды. Алайда ешбір ғалым және төрт мәзһабтың сенімінде де бұлай үшке бөліп, түсіндірмеген.

Үшіншіден, әһлу сүннет жолын ұстанушы матуруди және әшғари сенім мектеп өкілдерін адасушылықпен айыптайды.

Ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабын ұстанушы мұсылмандардың матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанатыны белгілі.

Демек, олардың сенімі бойынша кімде-кім матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанса, адасқан мұсылман, яғни,әһлу сүннетке жатпайды.

Бұл – өрескел қателік.

Төртіншіден, әулиелерге зиярат етуге қарсы шығады.



Әулиелердің кесенелеріне барып, зиярат жасағанды, дұға еткен адамды мүшрик, кәпір болады деп санайды. Сол себепті, кесене салу, әруақтардың рухына садақа атауды ширк деп есептейді. Мешіттерге садақа беруге тыйым салады.

Бесіншіден,мәуліт мерекесін атап өтуді бидғат санайды. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туылған күнін мұсылмандардың надандары мен адасқандары ғана тойлайды, ондай әрекетті яһудилерге ұқсау деп есептейді.

Алтыншы, буквализмді ұстанады. Құран мен сүннеттегі Алла Тағаланың сипаттарын тікелей мағынада түсініп, жаратылысқа ұқсатады әрі құлшылыққа қатысты аят-хадистерді тікелей (заһири) мағынасында түсініп, амал етеді. Ал әһли сүннет ғалымдары қажет жағдайда аяттарды тікелей мағынасымен емес, астарлы (мәжази) мағынасында қабылдаған.

Жетінші, сопылық жолды мансұқтайды. Дұрыс сопылық жолды ұстанушыларды да адасқандар деп айыптайды.

Сегізінші, бидғат түсінігін орынсыз қолданады. Бидғат ұғымын орынсыз қолданып, ғибадатқа еш қатысы жоқ кейбір іс-әрекеттерді де бидғат санайды. Осы арқылы мұсылмандарды адасушылықпен айыптайды.

Тоғызыншы, мәзһаб ұстануды бидғат санайды. Фиқһи мəзһабтарға еріп, олардың жолын ұстануды жоққа шығарады.

Оныншы, жергілікті халықтың салт-дәстүрін,  мәдениетін қабыл етпейді.

Он бірінші, зайырлы мемлекетті, конституцияны, мемлекеттік рәміздерді мойындамайды, әскери антты қабыл етпейді.

ҚМДБ қызметкерлері қатаң іріктеуден өтеді

Бұдан сырт, Алтынбек Ұтысханұлы «уағызшылар Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Сманов «сәләфит» пе?» деген пікірге жауап беріпті.

Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының орталық аппаратына немесе оның аймақтағы өкілдіктеріне қабылданатын азаматтар алдын-ала мүфтияттың сараптау комиссиясынан міндетті түрде өтеді.

ҚМДБ ғалымдары болашақ имам-молдаларды жан-жақты сынақтан өткізеді. Сенімі мен ұстанымын айқындайтын сауалдар қойылады. Мүфтият ғалымдары болашақ дін қызметкерінің білімі мен сеніміне, тәжірибесі мен мұсылмандық сипатына аса мән береді.

«Осы ретте Арман Қуанышбаев пен Абдуғаппар Сманов «сәләфит» еместігін жеткіземіз. ҚМДБ-ның ресми қызметкерлерін «сәләфит» деп атау – дұрыс емес. Бұл – жамағат арасында түсінбеушілік, тіпті, бүлік тудыратын ауыр сөз. Ондай бүлікке жол бермеуіміз керек. Мұны мүфтиятқа жабылған жала деп айтуға болады. ҚМДБ – еліміздегі жалғыз исламдық бағыттағы діни бірлестік, күллі мұсылман жамағатының қарашаңырағы. Ресми діни бірлестікте дәстүрлі дінімізді ұстанған қызметкерлер жұмыс істейтінін айта кеткім келеді" – дейді ол.

«Халық арасында «Асыл арна» телеарнасына, оның ұжымы мен басшылығына қатысты әртүрлі әңгіменің айтылып жүргені рас. Бұл мәселеде сіздердің пікірлеріңіз қандай? ҚМДБ «Асыл арнаның» діни мазмұндағы телеөнімдерін қадағалай ма?» — деген тілшінің сауалына, дінтанушы былай депті:

«ҚМДБ мен «Асыл арна» телеарнасы арасында арнайы өзара ықпалдастық меморандумының қабылданғанын айтып кеткен жөн.

Біздің маманымыз, білікті имам Нұржан Таласұлы «Асыл арнада» шариғи редактор ретінде жұмыс істейді. Оның миссиясы – эфирге шығатын телебағдарламаларды арнайы шариғи сараптаудан өткізу.

ҚМДБ-ның «Асыл арнадағы» өкілі телеөнімдерді қадағалап, тиісті нұсқаулықтар беріп отырады. Сонымен қатар, телеарнада «Матуриди мектебі» деп аталатын арнайы тележоба эфирден көрсетіліп келеді.

Мақсат – дәстүрлі сенім мектебімізді, дәстүрлі мәзһабымызды «Асыл арна» арқылы халыққа насихаттау. Бұл бағытта ортақ жобаларымыз бен қызметіміз жалғасын таба береді деп есептейміз".

Сопылық жайлы...

Мақаланың соңында Алтынбек Ұтысханұлы сопылық жайлы сөз қозғапты.

Айтуынша, сопылық деген атау кейіннен шыққанымен, шариғат дереккөздерінде әу бастан бар.

"Сопылық – Алланың рақымына жақындауды үйрететін, адамның ішкі жандүниесін күнәһарлықтан тазартып, барлық артықшылықтарды бойға сіңіруді үйрететін рухани ілім. Сопылық жол – пенденің Аллаға жету жолындағы бағытын немесе жүйесін үйретеді. Аллаға жету – Оны тану, Оған деген шынайы махаббат. Бұл – құлшылықта ықыласты болу, тыйым салынған нәрселерден аулақ болу, нәпсіні, жүректі жаман мінездер мен әдеттерден арылтып, көркем мінезбен кемелдендіру деген сөз. Сол үшін сопылық – жүректі күнәдан, нәпсіқұмарлықтан тазалап, көркем мінезді қалыптастыру ілімі деп аталады.

Қазіргі таңда көптеген адамдардың сопылық жолды ұстанып, үлкен қателіктерге жол беріп жатқаны ақида және фиқһ ілімін үйренбегендіктен туындап отыр. Ақиданы, шариғатты білмей тұрып сопылықты ұстану бұрмалаушылыққа әкеліп соқтырады" дейді ол.

Рекомендовать
Последние новости