Алтын қымбаттап, мұнай арзандайын деді ме - сарапшылар пікірі

Кәмшат Тілеухан 21 нояб. 2024 11:01 595

2025 жылдың соңына қарай алтынның бір унциясы 10,3%-ға қымбаттап, 2900 долларды құрауы мүмкін. Мұндай болжаммен швейцариялық UBS ірі банк сарапшылары бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшылар бұл қымбатшылықты геосаяси тұрақсыздық кезінде орталық банктер, инвесторлар тарапынан сұраныстың арту мүмкіндігімен байланыстырады.

"Дональд Трамптың билікке келуі және жаһандық "ойынның" ойысуына қатысты дүдамалдылық қымбат металл бағамына қолдау болмақ. Ал 2026 жылдың соңына қарай алтынның бір унциясының құны 2950 долларға дейін көтерілуі мүмкін", - дейді сарапшылар.

Америкалық Goldman Sachs банкі де алтынның қымбаттайтынын болжайды. Олар 2025 жылдың соңында алтынның бір унциясы 3000 доллар болады деп пайымдайды.  

Негізі, жыл басынан бері аталған қымбат металл бағасы 28%-ға өскен.

"Алтын биылғы жылдағы ең тиімді тауарлардың біріне айналды, бағасы да жоғарылап бірнеше рекорд орнатты. Алайда АҚШ-тағы президенттік сайлаудан соң баға қайта төмендей бастады. Қымбат металл бағасының өсіміне әлемнің орталық банктер тарапынан сұраныстың артуы, Федералды резервтік жүйенің ақша-кредит саясатын жұмсартуы және Еуропа мен Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс түрткі болды", - дейді сарапшылар.  

Тағы бір қызық мәлімет. Күні кеше арабтар салмағы 300 келі болатын ең үлкен алтын құйма жасап шықты. Ол салмағына байланысты Гиннестің рекордтар кітабына енді. Dubai Media Office, Emirates Printing Factory құйып шығарған бұл ауыр алтын құйма 20 қарашада Dubai Metals Conference 2024 конференциясының жабылу салтанатында таныстырылды. Соған қарағанда арабтар мұнай емес, алтын әлдеқайда құндырақ болатынын алдын ала сезіп отырған секілді. Естеріңізде болса, сайлауалды науқан кезінде Дональд Трамп қара алтынның бір баррелін 40 долларға дейін "құлатамын" деп сайлаушыларына уәде берген еді...

Айта кетсек, NYMEX тауар биржасының мәліметінше, бүгіндері алтынның бір унциясы 2627,2 доллардан саудалануда. 


Рекомендовать
Последние новости