«АLTAI-NEWS» медиа-орталығы». Жаңа форматтың бағыт-мақсаты айқын

Dalanews 04 апр. 2024 13:49 1988

Қазір газет-журнал оқитындар азайды. Мерзімді басылымдардың таралымы күрт құлады. Өйткені қалың бұқараға ақпарат жеткізуде дәстүрлі баспасөз сайт пен әлеуметтік желіге бәсекелес бола алмай қалды. Не істемек керек?

Тығырықтан шығудың жолын Шығыс өңіріндегі «Аltai-News» медиа-орталығы» тапты. Қайта құрылып, тың бағытқа түрен салған компания газетті өлтірмей, керісінше өркендету үшін тәуекелге барып, үлкен өзгерістер жасады.  

Бұдан 15 жыл бұрын ірге көтерген «Шығыс ақпарат» ЖШС биылдан бастап қайта құрылып, атауын өзгертті. Қазіргі қоғамның сұранысын ескерген серіктестік басшылығы заман талабына сай өнім ұсынуға кірісті. Бұл шешім өз нәтижесін бере бастады.

Кейінгі бірнеше жыл бойы қаржылық дағдарысқа ұшырап, қарыздан көз ашпай келе жатқан мекемені сақтап қалу үшін түбегейлі өзгеріс жасау қажеттігі бұрыннан айтылып жүрген. Сол үлкен өзгерістің алғашқы қадамы былтыр жазда компанияға Арсений Дүйсенов басшы болып тағайындалған сәттен басталды. Қарызға белшеден батқан кәсіпорынды құтқарудың түрлі жолы қарастырылды. Жан-жақты сараптама жүргізілді. Осындай тиянақты атқарылған жұмыстың нәтижесінде «өгізді де өлтірмей, арбаны да қиратпай» тығырақтан шығудың ең тиімді жолы анықталды. Ол – медиахолдингті қайта құру. Сөйтіп компания басшылығы нар тәуекелге бел буып, үлкен іске кірісті.

«Аltai-News» медиа-орталығы» деген жаңа атауды иеленген кәсіпорын құрамынан шығыны көп аудандық газеттер шығарылып, мүлкі аудан әкімдіктеріне берілді. Облыстық екі басылым – DIDAR мен «Рудный Алтай» газеттері серіктестікте қалды. Айта кетейік, Күршім, Ұлан, Катонқарағай, Алтай, Глубокое аудандарының газеттері бұрын «Шығыс ақпарат» құрамында болған.

Компанияның шығармашылық құрамы екі редакцияға – қазақ және орыс редакцияларына топтасты. Газет, сайт, SMM бөлім бәрі бір ортаға жиналды. Журналистер бір-бірімен қоян-қолтық араласып, ақпарат «майданында» иық тірестіріп еңбек етіп жатыр.

Технологиялық қамтамасыз ету бөлімі құрылып, оған фототілшілер, видеооператорлар мен монтаждаушылар топтастырылды.

Компанияның баспаханасы жұмысын тоқтатты. Неге? Өйткені бұл баспахана жұмыс істеп тұру үшін жыл сайын 170 млн теңге қаржы жұмсалып келген. Ал онда басылатын 26 газеттен түсетін табыс 58 млн теңге ғана. Қарапайым есепке салсаңыз, 112 млн теңге жыл сайын босқа кетіп жатқан. Бүгін облыстық қос газет аутсорсингпен басқа баспаханада басылып жатыр. Оған жылына әрі кеткенде шамамен 40 млн теңге мөлшерінде қаржы жұмсалмақ. Оның өзін осы кезде компания газеттің жазылу науқанында өтеп шыққан.

«Аltai-News» медиа-орталығы» болып қайта құрылудағы мақсатымыз ең әуелі құрдымға кетіп бара жатқан компанияны құтқарып қалу болса, екінші жағынан бүгінгі уақыт талабына сай жұмыс істеп, қоғамның сұранысына орай өнім ұсыну. Осы мақсатпен біз оңтайландыру шараларын сауатты жүргіздік. Қолда бар ресурстарды жаңа бағытта жұмыс істеуге икемдедік. Кейінгі кезде электронды ақпарат құралының рөлі артқанын бәріміз жақсы білеміз.Сондықтан мәтін жазумен қатар фото-видеоларды кеңінен пайдалану, студияда подкаст, ток-шоу түсіру, тікелей байланысқа шығу, әлеуметтік желіде тікелей трансляция жүргізу сияқты бастамаларды қолға алып, «Altainews.kz» сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда көпшілік назарына ұсына бастадық. Қоғам жақсы қабылдап жатыр, – дейді «Аltai-News» медиа-орталығы» ЖШС Бас директоры Арсений Дүйсенов.

Екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде ақпарат тарататын аймақтағы жалғыз сайт «Altainews.kz» биылғы жыл басынан жаңа форматқа көшірілді. Жаңа дизайн, жаңа бағыт, жаңа айдарлар, бәрі де бүгінгі заман талабын ескере отырып жасалған. Сайтта жарық көрген әрбір жаңалық фото-видеомен сүйемелденіп берілуі ақпаратты жан-жақты, толымды етіп ұсынуға мүмкіндік туғызды. Әзірге, ақпарат ұсынудың мұндай тәсілін облыста «Altainews.kz» сайты ғана сәтті жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі таңда «Altainews.kz» айына 1 миллиондай оқырманды ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр. Ал лентадағы жаңалықтар әр 30-40 минут сайын жаңартылады.

Сонымен қатар компанияның студиясында түсірілген подкасттар, апта сайын екі мәрте шығып тұратын видеожаңалықтар топтамасы сайтта арнайы айдармен жарияланып келеді.

Компания құрамындағы облыстық қос газет – DIDAR мен «Рудный Алтай» апталық басылымға айналып, жаңа дизайнмен, жаңа мазмұнмен оқырманына жол тартты. Бұрынғыдай ақпараттық сипаттағы материалдар азайып, оның орнына салмақты сараптамаға, терең талдауға негізделген мақалалар жариялана бастады. Кез келген өзекті мәселе немесе қандай да бір маңызды оқиға туралы ақпарат жедел түрде сайтта шықса, артынша байыпты ой, байсалды пікірмен сараптама жасалып, газеттердің бетінде жарық көретін болды. Баспасөздің таралымы қазір құлдырап кеткені ешкімге жасырын емес. Дегенмен серіктестік өзінің қарамағындағы қос газеттің оқырманын көбейту үшін бөлшек саудаға шығарып сатуды және таратуды қолға алды. Бұрын облыстық газеттер бөлшек саудада болмаған.

– Ақпаратты жедеқабыл жеткізу тұрғысынан газет сайтпен, әлеуметтік желімен бәсекелесе алмайды. Бірақ баспасөздің өз артықшылығы бар. Ол – танымдық, ағартушылық, тәлім-тәрбиелік, рухани қызметтер. Кейінгі кезде қоғам өзгерді, қатыгездік, қылмыс, суицид көбейді дейміз. Осының бәрі кітап, газет-журнал оқымаудың, рухани кедейліктің салдары. Сондықтан біздің мақсат газет бетінде оқырманға оқылымды дүние ұсынып, тұщымды мақалалармен қуанту. Жедел ақпаратты сайттан, желіден оқып алады. Ал біз сараптамалық мақалалар ұсынуға тырысып жатырмыз, – дейді DIDAR газетінің бас редакторы Серік Әбілхан.

Компанияға серпіліс әкелген үлкен өзгерістің тағы бірі – жалақының өсуі. Шынтуайтына келсек, бұл мекеме құрылғалы мұнша көп мөлшерде еңбекақы өскен емес. Иә, кейбір жылдары қызметкерлер жалақысына 10-15 мың теңге қосылғаны рас. Бірақ дәл қазіргідей әрқайсының еңбекақысына 100-110 мың теңге көлемінде ақша қосылуы ешқашан болмаған. Жоғары жалақы белгіленген соң талап та күшейді, жұмыс қарқыны да артты. Шығармашылық өкілдерін ынталандыру мақсатында үздік материалдарға қомақты қаламақы бекітілді. Мұның бәріне шығыны көп, тиімсіз өндірістерді қысқартып, қосымша қаржы көзін табудың арқасында қол жеткізілді.

Соны сүрлеуге түскен компанияның ішінде болып жатқан бұл өзгерістер мен жаңашылдықтарды өңірдегі қалам ұстаған қауым өкілдері тегіс бақылап, көріп отыр. Сырттай бақылап ғана отырмай ұсыныс-пікірлерін қосып, қолға алған іске тілектестік білдіруде.

Әлібек Қаңтарбаев, жазушы, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалының директоры:

– Бұл «Шығыс ақпарат» осы 10-15 жылда біраз теперішті бастан өткерді. Бірнеше басшы ауысты, әйтті-бүйтті. Енді міне «Аltai-News» медиа-орталығы» болып өзгеріп, жаңа бағытқа бет түзеді, көріп, біліп отырмыз. Бастамасы дұрыс. Ұстаған бағыты да көңілден шығады. Арсений Кеңесұлы талай жерде жауапты қызмет атқарған азамат ғой, тәжірибесі мол, егер ұжымды шашау шығармай ұстап, осы жұмысты жалғастырса нәтижесі көп күттірмейді. Облыстық газеттерге де реформа жасалып, апталыққа көшуі оң шешім болды. Себебі бүгінгі жаңалықты сайттар мен әлеуметтік желілер лезде таратып, оқырманға жеткізіп қояды. Ал газеттерде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан баспасөзде әртүрлі тақырыпты қаузаған аналитикалық, публицистикалық көлемді мақалалар жазылып, сараптамалық дүниелер жарияланса ұтылмайды. Өзім көп жыл еңбек еткен DIDAR газеті қазір осы бағытты ұстаныпты, өте құптарлық жағдай. Жалпы бұл өзгерістер аймақтағы ақпарат саласының дамуына оң ықпал етеді деп сенемін. Оған әріптестерімнің шығармашылық қуаты толық жетеді.

Сырт көз – сыншы. Қаламгер-әріптестер ғана емес, жалпы аймақ жұрты «Аltai-News» медиа-орталығындағы» оң өзгерістерді көріп, біліп отыр. Ол өзгерістер газеттердің бетінде, сайт пен әлеуметтік желілерде қоғамның сұранысына сай келетін түрлі форматтағы сапалы өнім болып көрініс тауып жатыр.

Мерей Қайнарұлы, «Egemen Qazaqstan» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі:

– Газет десе, ең әуелі осы DIDAR газеті елестейді. Біздің үйдегілер мен ес білгелі облыстық газетке үзбей жазылып келе жатыр. Кейін өзім алты жылдай қасиетті қара шаңырақта, рухани ортада қызмет еттім. Сонымен қатар бұл жер – Шығыс журналистикасының үлкен мектебі.

Неге екенін қайдам, соңғы жылдары «Шығыс ақпарат» медиахолдингіне басшы тоқтамады. Сырт көзге айрандай ұйыған ұжымның берекесі кеткендей көрінді. Мықты деген мамандардың жұмыстан кетіп жатқаны ойлантты. Мейлі басқа сала, мейлі басқа қалада жүрсек те, DIDAR газетіне бүйрегіміз бұрып тұрады. Алаңдаймыз. Сөйтсек, типографиясы жабылып, мекеме үлкен өзгерісті бастаған екен. Тілеуін тіледік. «Аltai-News» медиа-орталығы» деп атауы өзгеріп, облыстық қос газеттің дизайны жаңаланыпты. Апталыққа көшіпті. Апталыққа көшкені де жөн шығар. Себебі, ауыл-ауылдарға газетті жинап-теріп, аптасына бір-ақ рет жеткізеді. Оның үстіне, хабар таратып тұратын әлеуметтік желімен жарысу мүмкін емес. Десе де газеттің ғұмыры қысқа, маңызы жоқ деген пікірден аулақ болуымыз керек. Айтудай-ақ айтып жүрміз. Газет – тарих. Бүгінгі ақпарат ертең тарихқа айналады. Қағазға түскен дүние мәңгілік. Ең бастысы, Шығыстың қара шаңырағы "Аltai-News" медиа-орталығынан» бақ кетпесін, ұжымның берекесі артсын! Әрқашан тілекшіміз!

Уәлихан Тоқпатаев, ардагер журналист, DIDAR газетінің бұрынғы редакторы:

– Қазір бәрі өзгеріп жатыр. Интернеттің, әлеуметтік желілердің заманы келді. Сондықтан «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің «Аltai-News» медиа-орталығы» болып өзгеріп, газеттердің апталыққа айналуы, электронды медиаға басымдық берілуі бүгінгі уақыттың талабы, қоғамның сұранысы болар. Ал енді өзім қырық жылдан астам уақыт еңбек еткен, бірнеше қызмет баспалдағынан өткен, бас редакторы болған DIDAR газетіне келсек, зейнетке шыққалы бері газетті үйге жаздырып алып, оқып отырамын. Бағыты дұрыс. Жаңа айттым ғой, ақпарат жеткізуде газеттер сайтпен, әлеуметтік желімен бәсекелесе алмайды. Сондықтан баспасөз бетінде оқырманға сараптамалық, танымдық, рухани дүниелер көбірек берілсе. Қазір де жоқ емес, шығып жатыр.

DIDAR газетінің апталыққа айналып, мазмұнын байыта түсу үшін қолға алып жатқан өзгерістерін өз басым құптаймын.

Ержанат Дәулетберді


Рекомендовать
Последние новости