Алпыс жыл күткен ауыз су әр үйге келді

Жарбол Кентұлы 01 нояб. 2024 20:52 3274

Таза суға зар болып, талай табалдырық тоздырған Степное ауылының тұрғындары көптен күткен таза ауыз суға қол жеткізді.


Глубокое ауданы Степное ауылының тұрғындары тауыз сусыз отырғандарына ондаған жылдар жүзі болды. Ауыл Өскемен қаласының іргесінде орналасқандықтан, қалалық қоқыс та осы ауылдың маңына төгіледі, қалалық зират та дәл осы ауылдың шетінде, онымен қоса ауылдағы шошқа фермасы да сумен қоса қоршаған ортаны ластап келді.

Жергілікті тұрғындар таза ауыз суға зар екенін айтып талай табалдырықты тоздырған еді. Енді міне, 60 жыл күткен таза су әр үйге жеткізіліп бастады.


-Степное ауылында 233 үй бар, осы үйлердің 80-не Кеңес одағы тұсында су құбыры тартылды. Қалған үйлерді сумен қамту мәселесі енді ғана шешімін тауып отыр. Былтыр республикалық бюджеттен 808 млн теңге қаржат бөлініп, құбыр салу жұмыстары басталды.

Бүгінгі күні сумен жабдықтау жүйесін қайта құру аяқталуға жақын. «Альянс 21» ЖШС мердігерлік ұйымы екінші көтергіш сорғы станциясынан ауылдық желіге дейін шамамен 3 км құбыр төсеп, ауыл ішінде су құбыры желілері мен құдықтарды орнатты. Сыйымдылығы 1000 текше метр болатын екі таза су резервуары салынды. Жұмыстар аяқталуға жақын, - деді Ушанов ауылдық округінің әкімі Ерік Құмаров.


Былтыр мердігер компания су резервуарын салып, ауылға дейінгі 3 км құбырды төсеу жұмыстарын орындаса, биыл су құбырлары ауыл ішіне тартылды.


-Біздің ауыл тұрғындары таза ауыз суды 60 жыл күтті. Ауылдағы су құдығынан қоңырқай, тот басқан су шығады. Судың сапасына ауылдың іргесінде ғасырлар бойы тұрған зират та, қалалық қоқыс та, шошқа фермасы да әсерін тигізіп отыр. Сондықтан бұл суды ішу мүмкін емес.

Соңғы жылдары түрлі кәсіпорындар Үлбінің жағасын қазып бастаған соң, құдықтағы су тартылып кетті. Сондықтан көлігі бар тұрғындар Ушанов ауылынан немесе Өскемен қаласындағы Шмелев лог ауданынан су таситын. Танысы жоқтар, ауыл зейнеткерлері 500 теңгеге такси жалдап, суларын алғызатын, - деп атап өтті ауыл тұрғыны Жанар Оспанова.


Бұл мәселені Эльдар Тумашинов Глубокое ауданына әкім болып келген сәтте-ақ, қолға алды. Яғни, осыдан екі жыл бұрын ауылға таза ауыз суды көлікпен жеткізіп тұру жағдайын жасайды. Содан бері тұрғындар өз көліктерімен су тасуды қойды. Екі жыл көлемінде күн сайын белгіленген уақытта көлік ауылды аралап, таза суды таратты. Енді міне көптен күткен ұлы тойдың да ауылы алыс емес.


-Мердігерлер жалпы ұзындығы 16,99 км су құбырларын орнатты. Су құбырларын салу жұмыстары 97%-ға аяқталды. Қазір құрылысшылар қазылған жолдарды қиыршық таспен жабу жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп қосты Ушанов ауылдық округі әкімдігінің маманы Шолпан Мусина.


Жергілікті тұрғындар барлық жұмыстарды өз көздерімен бақылап, көптен күткен таза ауыз суды тағатсыздана тосып жүр.


Рекомендовать
Последние новости