Ресей АШМ-ны неге "алаяқ" деп айыптады

Кәмшат Тілеухан 01 нояб. 2024 16:11 5149

2024 жылдың қыркүйегінде Россельхознадзор Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне фитосанитария жөніндегі сертификаттарды беруді уақытша доғара тұруды сұрады. Өйткені, ресейлік тараптың айтуынша, карантиндік нысандарға жататын өнімдер АШМ сертификатымен тонналап шекара асқан. Ал жуырда Ресей, тіпті Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрлігін "алаяқтыққа жол беріп отыр" деп айыптады. Бұған қатысты күні кеше құзырлы ведомство өз жауабын жария етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Мемлекеттік инспекция комитеті Россельхознадзордың айыптауларын негізсіз деп санайды.

"...фитосанитарлық сертификаттарды алу кезінде карантинге жататын өнімдерді "жалған" компанияларға рәсімдейтін алаяқ қазақстандық компаниялар мәселесі бар. "Жалған" компаниялардың болуы тек Ресей үшін ғана емес, Қазақстан үшін де өзекті, өйткені біздің елімізге ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден импорттаушылардың мекен-жайына өнімдер әкелінеді, олар өздеріне импорт жүргізіліп жатқанын білмейді. Алайда, бұл мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында шешу мүмкін емес екенін ескеру керек, оны ЕЭК деңгейінде шешу қажет", делінген ресми жауапта.

 

Яғни, бұл арада Қазақстан Россельхознодзор айтып отырған мәселе тек өзіне ғана емес, бүкіл ЕАЭО мүше мемлекеттерде, соның ішінде Ресейдің өзінде де барын айтады. Сондықан бұл мәселені біржақты айыптаудан гөрі ЕЭК деңгейінде неге шешпеске дегенді келтіріп отыр.

Енді Россельхознадзордың айыптауына келейік, олар не дейді:

"Россельхознадзор ҚР АӨК Мемлекеттік инспекция комитетінің Ресейге экспорт жасау үшін фитосанитариялық сертификаттарды ресімдеу кезінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырмайтын 100-ден астам фирма реквизитін заңсыз пайдаланғанын анықтады. Бірнеше жыл бойы осындай көлеңкелі жолмен комитет фитосанитариялық тексеруден қасақана жалтару мақсатында ЕАЭО аумағына өсімдік шаруашылығы өнімдерін бақылаусыз өткізіп келген. Қазақстандық тараптың мұндай заңсыз әрекеттері салықтан жалтаруға жол береді, сол арқылы елдер арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты айналымына қатысты деректердің бұрмалануына да түрткі.  Мәселен, жарамсыз фитосанитариялық сертификаттарды пайдаланған екі жыл ішінде қазақстандық тарап Ресейге 120 мың тоннадан астам өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізді. Міне, осыған ұқсас біздің мекемеге келіп түскен өтініштер жетерлік..."

Жалпы, бұл арада мәселе импортталатын өнімде емес, отандық фитосанитарлық қызмет жұмысының сапасында екенін баса айта кетелік. Ал бұл саланың кенжелеп жатқаны, соның ішінде жұмысшы қолы тапшылығына ұшырап отырғаны ешкімге жасырын емес.

Ресей астық экспорты және басқа салаларда да біздің бәсекелес екенін жадымыздан шығармалық. Сондықтан біздің осал тұсымызды нұсқау бұл арада олардың оң жамбасына келе кетері сөзсіз. Осы жағынан алғанда, салалық мәселелермен бізге белсенді түрде айналысу керек. Ешкім ештеңе дей алмайтындай. Мұны нарықтағы орындарға талас деп атайды. Расында, сізге кедергілерді жойып, ешкім нарық көзін ашып бермейді, өзіңіз жанталаспасаңыз. Бұл - қалыпты заңдылық. Бұл - осы сала шенеуніктерінің бетпе-бет келіп отырған ашық мәселесі. Сондықтан "анау-мынау" деп жөн сілтеуден аулақ болған жөн. Әйтпесе, ертең диқаншылар мен фермерлеріміз "тасымал жолы жабық" деп, түскен сұраныстардың өзінен айырылып, биылғыдай Президенттен көмек сұрап жүрмесін...  


Рекомендовать
Последние новости