Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі ауыл тұрғындары әлі күнге дейін ауыз суға зәру екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, келер жылы ауылдарды 100% сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Алайда тапсырманың қарқыны ақсауда.
“Барлық ауылды сумен қамту үшін AMANAT фракциясы атынан шамамен 80 млрд теңге қаржы ұсындық. Алайда бюджеттік жобада тек 15 млрд теңге қолдау тапты”, – деп атап өтті Бейсенбаев.
Осы тұста ол Мемлекет басшысының тапсырмасына бей-жай қарағандарды сынға алды.
“Үкімет бұл мәселені жеткілікті бақылауда ұстамай отыр деп ойлаймын. 500-ден астам тұрғыны бар ауылдар сусыз қалуы керек пе? Суы бар ауылдардың өзінде, Жоғарғы аудиторлық палата есебіне сәйкес, шамамен 13%-ында су жеткіліксіз, қайта жөндеуді қажет етеді. Солтүстік Қазақстан, Түркістан сияқты 7 өңірде әлі күнге дейін халық су тасуға мәжбүр. Осы мәселені толық шешу жоспарда бар ма? Егер 2025 жылы қажетті қаражат бөлінбесе, бұл мәселеде кім жауапкершілікті мойнына алады?” – деп сауал жолдады депутат.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұл мәселені министрлік назарда ұстап отырғанын атап өтті.
“Ауыз сумен қамту – басты міндетіміз. Бюджет жобасында 79 млрд теңге бөлінсе, депутаттардың қолдауымен 16 млрд теңге қосылды. Бұл қаражат 106 жобаға бөлінеді, бірақ басқа қаржы көздерін іздеу қажет. Президенттің тапсырмасын орындаймыз, 2026 жылғы бюджетте осы мәселені қайта қараймыз”, – деді министр.
Шарлапаев кейбір өңірлердің жобалық-сметалық құжатты әзірлеуде кешігіп жатқанын, бұл жұмыс жеке бақылауында екенін жеткізді.
“Жыл соңына дейін құжаттаманың көпшілігі дайын болады деп сенеміз”, – деді ол.