Citi сарапшылары мұнай бағасының қысқа мерзімді болжамын жариялады

Кәмшат Тілеухан 29 окт. 2024 10:02 1804

Citigroup сарапшылары Brent маркалы мұнай бағасының қысқа мерзімді болжамын жариялады. Оған сәйкес, жуық арада "қара алтынның" бір баррелі 74 доллардан 70 долларға дейін төмендемек. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл баға 65 долларды да көрсетуі ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Citigroup сарапшыларының бұл болжамымен MarketWatch басылымы бөлісті. 

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың кең ауқымды сипат алуы және мұнай инфрақұрылымдарына әуеден соққы жасалуы сынды сарапшылар болжаған жағымсыз сценаридің орын алмайтындығына көз жеткен соң халықаралық нарықтағы баға құлдырай жөнелген. Мұны біз алдында жазған болатынбыз. Енді осы төмендеген баға, халықаралық сарапшылардың пікірінше, қайта бой көтеруі екіталайға ұқсайды.

Citi сарапшыларының болжамынша, Brent маркалы мұнай бағасы жыл соңына дейін 74 доллардан 70 долларға дейін төмендеуі мүмкін. 

"Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі  орта есеппен 65 доллар, екінші тоқсанында 60 доллар болады" деген болжамды сарапшылар растайды. Дегенмен халықаралық банк мұнай бағасының 120 долларға дейін бір-ақ ытқуын жоққа шығармайды, алайда олар мұндай жағдайдың орын алу ықтималдығын 10%-дан аз деп бағалайды, деп жазады MarketWatch.

Айта кетсек, Израиль 26 қазанға қараған түні Иранның әскери нысандарына әуеден шабуыл жасады. Бұл олардың 1 қазанда Иран әуе күштерінің елге жасаған соққысына берген жауабы болды. Израильдің Иранның мұнай нысандарына шабуыл жасамауы, сондай-ақ оның кең ауқымды масштабқа ұласпауы аймақтағы қақтығыстың өршуі ықтималдылығына қатысты инвесторлар мен нарықтардың алаңдаушылығын белгілі бір деңгейде басты.

Мұнай бағасының құлдырауы, әрине Қазақстан сынды бюджеті шикізат табысына байланған мемлекеттерге оңай соқпайды. Мұндайда Үкімет алдағы жылдарға жоспарланған республикалық бюджетте қарастырылған цифрларды қайта қарастыруға, онда да қысқартуға мәжбүр болады. Ал Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған республикалық бюджеті "мұнайдың бір баррелі 75 доллар деңгейінде болады" деген сценарий бойынша есептелген болатын. Бұл туралы Мәжіліс алдында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин айтқан еді...

PS Brent маркалы мұнай бағасы кеше құлдырауын бәсеңдетті,бірақ аталған нарықтағы ахуал бүгін-ертең жақсара қоймайтынын байқатады. Лондондағы ICE Futures биржасында Brent сортының бір баррелі 72,24 долларды құрады, бұл бір күн бұрынғы сауда-саттықтың қорытынды құнынан 3,81 долларға (5,01%) төмен. WTI мұнайының бір баррелі Нью-Йорк тауар биржасының (NYMEX) сауда-саттығында 67,96 долларға дейін төмендеп, инвесторларды ойландырып қойды.


Рекомендовать
Последние новости