"Израиль әуеден Иранға соққы жасаса мұнай инфрақұрылымдары бүлініп, "қара алтынды" нарықтарға жеткізуде мәселе туындайды. Ол, өз кезегінде бағаның қымбаттауына жол береді". Сарапшылар алдын ала осылай болжам жасаған. Расында, өткен сенбіде Израиль Иранға қарсы зеңбіректерін бағыттады, алайда, сарапшылар болжаған, жағдай орын алмады. Сәйкесінше, керісінше мұнай бағасы құлдырай жөнелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мұнай бағалары Таяу Шығыстағы оқиғаларға байланысты әлі де құбылмалы болып тұр. Өткен жұма қорытындысы бойынша биржада Brent маркалы мұнай бағасы 2,3%-ға өсіп, бір баррелі 76,1 долларға дейін жетті. Бұл өсімге Ливанның оңтүстігіне Израиль жасаған соққы әсер етті. Сондай-ақ, бағаның жоғары болуын ынталандырушы Қытай тарапынан да үміт бар. ҚХР билігі 4-8 қараша аралығында өтетін Бүкілқытайлық отырыста ел экономикасын қалпына келтіру шараларын жариялауы тиіс. Сонымен қатар жексенбіде мұнай бағасы бәрібір 4,5%-ға төмендеп, бір баррелі 72,6 долларды құрады. Өйткені Израильдің Иранға жасаған соққысынан, алдын ала күтілгендей,Тегеранның мұнай мен ядролық инфрақұрылымдары зардап шеккен жоқ, яғни мұнай тасымалы жолдары бүлінбеді. Нәтижесінде энергоресурстардың бағасы төмендей бастады", делінген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы жариялаған экономикалық шолуда.
Айта кетсек, 2024 жылдың 26 қазанына қараған түні Израиль Иран әскери нысандарына әуеден соққы берді. Иран президенті шабуылға жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Ресми Тегеран Иранға Израильдің шабуыл жасауына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады.