Астанада «Транстелеком» интернеті тағы істен шықты: тұрғындар шағымдануда

Ақтоты Жапатова 24 қар. 2025 20:54

Астанада «Транстелеком» провайдеріндегі интернет ақаулары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қала тұрғыны КазТАГ редакциясына желі жұмысының нашарлығын айтып шағымданған.

«Ұзақ уақыттан бері интернет жоқ. Ең қызығы – Telegram жұмыс істейді, ал қалғаны, соның ішінде веб-сервистер мен сайттар ашылмайды. Операторға хабарласу мүмкін емес: автожауапбергіш қосылады не бірден қоя салады, не кезегің жеткенде байланыс үзіледі. Мен 14-ші болып күттім, кезек маған келгенде «Транстелеком» тұтқаны қайтадан қоя салды. Бұл енді шектен асқан нәрсе! «191»-ге хабарласқанда да олар бірден байланыс проблемасы бар екенін айтады. Қашанғы осылай болады?» – деді тұрғын.

Бұған дейін де Астанада «Транстелеком» интернетіндегі ақаулар бірнеше күн қатарынан жалғасқан болатын. Ол кезде КазТАГ провайдердің халықты шатастырып отырғанын жазған. Кейін компания абоненттерде интернет мәселелері бар екенін растаған еді.

Еске салайық, 31 мамыр 2023 жылы мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевтың балаларына қатысты айтқан сөзі кезінде «Транстелекомның» Нұрәлі Әлиевке аса арзан бағаға берілгенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, құны 210 млрд теңге тұратын, жылдық кірісі 80–90 млрд теңге компания небары 18,45 млрд теңгеге сатылған.

Нұрәлі Әлиев компаниядан бірнеше жыл бойы жүздеген миллионнан миллиардтаған теңгеге дейін дивиденд алып келгені де айтылған.

2023 жылы Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Транстелекомның» сол кезде Нұрәлі Әлиевтің бақылауында болған кездері бәсекелестермен келісімшарттарды бұзуға шақырғанын хабарлаған еді. Бұл заңбұзушылық ретінде бағаланған.

2025 жылдың 12 ақпанында Нұрәлі Әлиев «Транстелеком» басқарма төрағасы лауазымынан компанияның сатылуына байланысты кеткені айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар