Назарбаевтың сенімді серігі Әбіқаев қызметінен кетті

Сағыныш Сардарова 28 қаз. 2024 11:53 3478

Экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі саналатын Нұртай Әбіқаев басшылық лауазымынан - волейбол федерациясының президенті қызметінен кетті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Федерацияның баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 27 қазанда Алматыда волейбол федерациясының есеп беру, сайлау конференциясы өткен.

"Дауыс беру нәтижесінде 2024-2028 жылдар аралығында федерацияның жаңа президенті болып Мәди Такиев сайланды", - деп жазылған хабарламада.

Павел Михеев, volley.kz

Федерацияны құрылған кезінен бастап басқарған, кейбір уақытта ғана үзіліс алған Нұртай Әбіқаев кейінгі 26 жыл бойы волейбол федерациясының басшысы болды. Ал бұл лауазымға жаңадан ұсынылған үш кандидаттың арасында қаржы министрі Мәди Такиев болды.

Өз сөзінде федерацияның жаңа басшысы Мәди Такиев көрсеткен сенімі үшін барлығына алғыс білдіріп, Нұртай Әбіқаевқа федерацияның құрметті президенті болуды және қамқоршылық кеңесін басқаруды ұсынды.

Айта кетейік, Әбіқаев 1996 жылдан бастап Назарбаевтың бірінші көмекшісі, 1998 жылдан бастап ҚР ҰҚК төрағасы, 2000 жылдан бастап ҚР Сыртқы істерінің бірінші вице-министрі; ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, 2004 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының 2-ші шақырылым депутаты, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, 2005 жылғы қарашадан бастап ҚР Парламенті Сенатының 3-ші шақырылым депутаты, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, 2007 жылғы ақпаннан бастап ҚР-ның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2008 жылғы қазаннан бастап ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 2010 жылғы тамыздан бастап ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар