Шаршайсыз, бірақ ұйықтай алмайсыз ба? Негізгі 12 себеп

Ақтоты Жапатова 25 қар. 2025 00:00

Кейде таңертең шаршап оянасыз және күні бойы өзіңізді әлсіз сезініп, кешке тезірек төсекке жетсем деп армандайсыз. Бірақ кешке ұйықтай алмай қиналасыз. Оның себебі неде? Толығырақ Dalanews.kz материалында.

1. Созылмалы күйзеліс

Әр нәрсені уайымдай беру, бірден бірнеше іспен айналысу және қарбалас өмір жүйкені қажытады. Жүйке жүйесі шаршағандықтан, күндіз әлсіздік сезінесіз. Ал ұйықтайтын уақыт келгенде күйзеліс кедергі келтіреді: мазасыз ойлар тоқтамайды, дене босаңсымайды. Сол себепті ұйықтау қиын.

2. Жұмыс барлық күшіңізді алады

Жұмыс күні бойы бар энергияңызды сорып алады. "Қатты шаршасам, түнде оңай ұйықтаймын" деген қате пікір. Кешке ми тапсырмаларды қорыта береді: жоспарлайды, уайымдайды, талдайды. Артық жүктеме ұзаққа созылса және демалыс болмаса, ол мазасыздыққа әкелуі мүмкін.

3. Күнде ұйықтауға әртүрлі уақытта жатасыз

Ағза тәртіпті жақсы көреді. Егер бір күні 22:00-де, басқа күні 01:30-да жатсаңыз — циркадты ырғақ бұзылады. Ми қашан «түнгі режимге» ауысу керек екенін түсінбей қалады. Соның нәтижесінде, созылмалы шаршау пайда болады.

4. Кешке тым белсендісіз

Үй жинау, ауыр жаттығу, қызу әңгіме, эмоционалды сериал — бәрі жүйкені қоздырады. Ал қозған жүйке жүйесі түнгі тынығуға кедергі келтіреді. Сондықтан ұйқы алдында тыныш атмосфера жасау маңызды.

5. Телефонды төсекке бірге алып жатасыз

Ұйықтар алдында телефон қарау — ең зиян әдеттердің бірі. Экраннан бөлінетін көк жарық мелатониннің бөлінуін тежейді. Ми «әлі түн болмады» деп қабылдайды. Нәтижесінде, ұзаққа созылған ұйқысыздық және таңғы шаршаңқылық пайда болады.

6. Өміріңізде қозғалыс аз

Күні бойы отырып жұмыс істесеңіз, дене «дұрыс» шаршамайды. Физикалық жүктеме көңіл-күйді жақсартады, күйзелісті азайтады және сапалы ұйқыға көмектеседі. Тіпті, 30 минуттық серуеннің өзі ағзаға оң әсер етеді.

7. Ұйқыны кейінге шегересіз

Көпшілік адамның күндіз өзі қалаған нәрселерді жасауына уақыты болмайды. Сол себепті «ішкі еркіндік» сезімін алу үшін ұйқыны әдейі кейінге шегереміз — телефон ұстаймыз, сериал қараймыз. Бұл «ұйқы прокрастинациясы» деп аталады.

8. Гормондық өзгерістер

Гормондар — энергия, көңіл-күй, тәбет және ұйқыны басқаратын негізгі механизм. Қалқанша без, бүйрек үсті бездері немесе жыныс гормондарының теңгерімсіздігі күндізгі әлсіздік пен түнгі ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін.

9. Созылмалы ауруларды елемеу

Кейде шаршау мен ұйқысыздық — өмір салтының емес, денсаулықтың белгісі. Анемия, қант диабеті, гипотиреоз, ұйқы апноэсы — бәрі энергия деңгейіне қатты әсер етеді. Егер ұзақ уақыт бойы өзіңді бұрынғыдай жақсы сезінбесеңіз, тексерілген жөн.

10. Эмоционалды күйзеліс (выгорание)

Ештеңеге қуана алмау, мотивацияның жоғалуы, бәрін күшпен жасау — эмоционалды күйзелістің басты белгілері. Ол кезде адам денесі емес, жаны шаршайды. Ішкі қысым ұйқыға да кедергі келтіреді.

11. Темір жетіспеушілігі

Темір — оттегіні тіндерге тасымалдайтын маңызды элемент. Оның жетіспеуі әлсіздік, ашушаңдық, бас айналу және ұйқының бұзылуына әкеледі. Ферритинге анализ тапсырып, қажет болса темір қосымшаларын қабылдау жеткілікті болуы мүмкін.

12. Тамақтану режимі дұрыс емес

Таңғы ас ішпеу, күні бойы тек жеңіл-желпі бірдеңе жей салу, кешке тәттіге тойып алу — бәрі гормондарға, жүйкеге және ұйқыға әсер етеді. Қандағы қанттың күрт көтерілуі мен төмендеуі шаршауға және мазасыздыққа әкеледі.

Не істеу керек?

  • Ұйқы режимін реттеу;

  • Гаджеттерді ұйықтардан 1 сағат бұрын өшіру;

  • Кешкі тыныш ритуалдар;

  • Физикалық белсенділік;

  • Дұрыс тамақтану;

  • Медициналық тексерістен өту;

  • Эмоционалды күйді қалпына келтіру.

Ең бастысы — проблемаға немқұрайлы қарамау. Адам ағзасы мен жаны ұйқы арқылы қалпына келеді, сондықтан оған ерекше қамқорлық қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар