Алматының символы

Dalanews 30 нояб. 2016 05:06 1699

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, жоғалтып алғанда ғана өкінесің». Осы нақыл бүкіл әлемге даңқы жайылған Алматы апортының тағдырын елестетеді.

Алматы апорты бір кезде еліміздің мақтанышы, ұлттық асыл затымыз, Оңтүстік астанамыздың символы болып еді. Әсіресе, осыдан 25-30 жыл бұрын болған апортты  айтсаңызшы, шіркін! Көлемі тосатағандай болып, кейбіреуі 500-600 грамм тартатын. Ал оның көздің жауын алатын қызылды-жасылды түрі ше, тілді үйіретін ерекше дәмі мен жан сарайыңды ашатын тамаша иісі ше? Бір сөзбен айтқанда, апорт алмалардың патшасы болған. Оған тең келетін бұрын да, қазірде бірде-бір дүниежүзілік сортиментте алма сорты жоқ деуге болады.

Алматы апортының  даңқы  бүкіл әлемге жайылған десек, артық айтпағанымыз болар. Халықаралық көрмелерде ол әрдайым алтын медальдармен марапатталған (Франция, 1900 ж; Германия, 1907 ж; Россия,  1913 ж; Англия, 1920 ж; Германия-ГДР, 1961 ж; Венгрия, 1968ж.). Халықаралық алтын медальдар бұданда көбірек болар еді, бірақ советтердің  ХХ ғасырдың 20 жылдары жасаған «темір торы» (железный занавес) апорттың көрмелерге қатысуының жолын жауып тастады. Ал ГДР мен Венгрия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін социалистік лагерьге жататын. Өзіміздің Совет Одағы кезінде болатын жүйелі көрмелерде апорт әрдайым алтын медальдарға ие болатын, тек қана 1987 жылы күміс медальмен ғана марапатталды. Осы кезден бастап апорттың деградация (азу) процесіне ұшырағаны байқалды.

Осындайда еске түседі, біздің апортқа шет елдердің қонақтары таң қалатын. Мысалы, 1973 жылы Алматыға АҚШ-тың белгілі сенаторы Эдвард Кеннеди (АҚШ президентінің інісі) келгенде апортты көріп дәмін татып: «Жер жүзін түгел дерлік аралап мынадай әдемі де, дәмді, хош иісті алманы еш жерде көрмедім», – деп, жанындағыларға айтыпты: «бір жәшік алманы менің самолетіме жеткізіңдер, өз елімізге де көрсетейік, қандай алманың болатынын», – деген.

«Комсомольская правда» газеті өзінің бір мақаласын былай атаған (04.06.1999 ж): «Когда-то  Алматинский апорт был кремлевским деликатесом», – деп. Шынында да, Кеңес Үкіметінің арнайы разнарядкасымен жыл сайын Кремльге 2 мың тонна апорт алмасы жіберіліп отырған шетел қонақтарына, еліміздің жоғарғы мәртебелі азаматтарына арналған (для правительственных приемов). Өткен ғасырдың 50-70 жылдары, тіпті 80 жылдардың ортасына дейін, Совет одағының азаматтары Алматыға келсе, үйлеріне қайтқанда презент ретінде  тек қана апорт алмасын алатын. Қаншама апорт посылкамен Совет Одағының түкпір-түкпіріне жіберілетін.

Бірақ, өкінішке орай, соңғы жылдары апорттың азу процесі орын алды; алмасы уақталып, түрі солғын тартып, ең бастысы бұрынғы керемет дәмімен, ғажап иісінен түгелдей дерлік айырылған.

Тәжді сортымыздың тағдыры жөнінде мәселе ертеден көтеріліп келеді. Өткен ғасырдың 80-жылдары оны сол кездері республикамыздың басшысы ұмытылмас марқұм Д.А. Қонаев ағамыз көтеріп еді. «Алматы апортының даңқын жаңғыртайық» деген оның қанатты сөзі бүгінгі күнде де маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев апорт тағдырына әрдайым назар аударады. Өзінің кейбір кітаптарында («Без правых и левых», 1991 ж., 19 бет «Казахстанский путь», 2006 ж., 343 бет) апорт туралы елжіреп тұрып жазбады ма?

2011 жылдың 12 мамырында Алматыда Елбасы қаланың және облыстың активімен алқалы жиын өткізді. Онда шаhардың келешегі мен болашағы туралы әңгіме қозғады. Оңтүстік астанамыздың дамуының көптеген  өзекті  мәселелерімен қатар, ол Алматы апортын жаңғырту  проблемасында қайтадан алға қойды. Облыс пен қала әкімдеріне апорт жөнінен тапсырма берілді.

Елбасының тапсырысынан кейін Алматы облысында жыл сайын 150-200 гектардай апорт бағы салынды. Бірақ Президентіміз «Алматы апортының  бұрынғы даңқын жаңғыртайық» деп ұран тастағанда, ол тек қана сорттың бағының көлемін ғана көбейту емес, ең бастысы, апорт алмасының көлемін, көз тартатын түрін, әсіресе оның керемет дәмі мен ғажап иісін орнына келтіру керек деді. Бұл мәселені ғылымсыз шешуге болмайды.

Осы жолдың авторы Алматы апортын жаңғырту мәселесімен 20 жылдай өмірін сарп етті. Әр мәселенің шешімінде өз насихаты болуы керек. Егер де сол тақырып насихаттау арқылы қалың бұқараның көңілінен шықса, көтерген мәселе түбінде өз шешімін табады.

Апорт мәселесіне арнап, оны насихаттау жолында 120-дан астам мақаламен очерктер, сұхбаттар қазақ және орыс тілінде жарияланды. Соның ішінде бетке тұтар журналдарымызда: «Жұлдыз», «Простор», «Парасат», «Нива», «Бәйтерек», «Мәдениет», «Adam Readers», «Таңшолпан»,  тағы да 6-7 қоғам журналдары, тіпті оның ішінде,  «Қазақстан әйелдері» журналы бар. Бірнеше ғылыми журналдар да, оның ішінде екі Ресей, бір Беларусь журналында, халықаралық «Биотехнология» журналында екі мақаламыз шықты. Оннан астам мақалалар Ресей газеттерінде: «Известия», «Комсомольская правда», «Аргументы и факты», «Московский комсомолец», «Новая газета», үкімет газеттерінде «Егемен Қазақстан», «Казправда», «Лидер», көптеген саяси-қоғам газеттерінде, тіпті кәріс, неміс, украин, ұйғыр ұлттық газеттерінде  жарияланды.

Сонымен қатар, онға жақын радио хабарлар, оның ішінде, «Азаттық», «Би- Би-Си». Барлық дерлік теледидар арналарында 50-ден астам сұхбат берілді, тек «Хабар» арнасында оның саны 10-нан асады.

Қорыта айтқанда, апорт туралы мақаламызбен сұхбаттарымыз 60-тан астам газет баспаларында, 30-ға таман журнал баспаларында жарық көрді. Апортқа байланысты материалдармен 10-нан астам  аймақтық және халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама жасалды. Оның материалдары жарық көрді. Ең соңғы конференция  2016  жылы  Санк-Петербургта болды.  Тіпті, апорт мәселесі 3 естелік кітаптарға кірді.

Осының барлығын айтып отырғанда мақтаншылық ретінде емес, апорт мәселесінің сондайлық өзекті екенін көрсеткіміз келгені. Шынында да, апорттың тағдыры көптеген еліміздің азаматтарын қобалжытады екен. Жұрттың көпшілігі апорт алмасын жер жаннаты Жетісу табиғатының бізге берген қайталанбас байлығы, Алланың сыйы, еліміздің, бүкіл Қазақстан халқының мақтанышы, біздің алтын затымыз, мәдени мұрамыз, Алматының символы деп санайды. Сондықтан да болар, көптеген газеттер, журналдар, теледидар арналары бізге өздері шығып жүрді, тіпті  «Азаттық», «Би-Би-Си» радиоларының корреспонденттері өздері бізге жол тапты. Ағылшын ғалымдары  ұйымдастырған  халықаралық семинарға «Қызыл кітапқа кірген өсімдіктер» тақырыбына арналған біздің апортты жаңғырту мәселесінен ғылыми баяндама жасаңыз деп арнайы шақыру жіберді. Апортқа байланысты осындай жағдайлар болып жатты.

Сонда осыншама мақалаларда, сұхбаттарда, баяндамаларда, «бір мәселеге қатысты сонша не айтуға, не жазуға болады екен?» деген сауал тууы мүмкін. Әрине, әр мәселенің бірнеше саласы, қыры болады, әр саласының өзін әртүрлі ракурспен бейнелесе, қайталанбай-ақ жазуға мүмкіншілік бар. Тіпті, сәл-пәл қайталағанның өзінде әр газеттің, журналдың, аудиторияның, телеканалдардың өзінің оқырмандары, көрермендері, тыңдаушылары бар емес пе?

Апорт – халық тарихы, оның кәсібі мен тағдыры, Жетісу елі, оның көрнекті азаматтары мен ғажайып табиғаты жайындағы кең әңгіменің тиегі мен өзегі болып еді. Апорт халықтар достығы мен бірлігінің символы ретінде де көрсетілген. Әрине, ол еңбектерде апорттың шығу тегі жөнінде де әңгіме айтылған. Онда автор ғылыми талдау жасап және табылған деректерге сүйеніп, апорттың түпкі шыққан жері Жетісу деген пікірге тоқталады және Жетісу жері ежелден көне бау-бақ елі деген ойды тиянақтайды.

«Мәдени алмалардың шыққан орталығы Жетісу жері болуы мүмкін» деген гипотезаны ағылшын ғалымдары молекулярлы-генетикалық деңгейде дәлелдеді. Олардың ғылыми жаңалығы біздің отанымыздың, жеріміздің, халқымыздың, ұлтымыздың мәртебесін көтерді. Сондықтан да Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ресми сапармен Бельгия және Франция елдеріне барғанда өзінің  сөйлеген бір сөзінде үлкен қанағатпен, ғанибетпен, тіпті мақтанышпен айтты емес пе: «Мәдени алманың шыққан орталығы біздің жер – Қазақстан, ал біздің жергілікті жабайы алмамыз бүкіл планетадағы мәдени алма сорттарының ата-бабасы» деп. Өзінің қамқорлық жасап жүрген апорт алмасы да сол кезде көкейінде болған шығар. Ал енді мәдени алма шыққан жерде болашақ апорттың түзілуі ғажап емес қой.

Осындай, жоғарғы айтылғын публикациялар мен насихаттың нәтижесінде 2009-2011 жылы апорт мәселесін зерттеуге Білім және ғылым  министрлігі өсімдік қорғау институтына грант берді. Зерттеуді сапалы және тереңдетіп жүргізу үшін біз суподрядчик ретінде  Биология және биотехнология институтын алдық. 2012-2014 жылдары  Ауылшаруашылық министрлігі апортқа арнайы қаржы бөлді. Жоғарғы айтылған мақсатпен біз зерттеу жұмысына Жемісшілік және жүзімшілік институтын тарттық.

Сөйтіп, осындай зерттеу нәтижесінде біз 2015 жылдың көктемінде бірінші рет 5 гектар апорттың тәжірибе бағын салдық. Қазіргі зерттеулер бақтың жағдайында жүргізіліп жатыр. Алла жазса, 2017 жылы тағы да 10 гектарға апорт бағына көшетіміз болады.  Сонымен, 15 гектар қәлемше алатын аналық бағымыз болса,  ол бүкіл Алматы облысын қамтамасыз етеді. Алматы апортын жаңғырту жолында бізге керегі осы, басқалары ұйымдастыру жұмыстарына тіреледі.

 

 

Мағжан Иса, биология ғылымдарының докторы, профессор.

Рекомендовать
Последние новости