Ағайындыларды айуандықпен өлтіргендер лайықты жазасын алды

Dalanews 30 нояб. 2016 04:36 915

Алматы облысында ағайындыларды айуандықпен өлтіргендерге қатысты бүгін сот үкімі шықты. Үш бірдей азаматты қасақана атып, артынша мәйіттерін айдалада қалдырып кеткен Талғат Сүлейменовке өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, ал оған қолғабыс еткен екінші қандықол – Мұрат Оңалбаев 25 жылды арқалады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал қылмысты көре тұра, оны ешкімге айтпаған малшы да тиісті жазасын алды. Бірақ мал үшін адам өлтіргендер үкім кезінде де міз бақпады. Есесіне, оларға шаң жуытпаған туыстары соттың алдында журналистермен жұлыса жаздады.

Аса айуандықпен адам өлтірді деп айыпталғандар бұл жолы да жайдары. Кісені шешіліп, біраз еркін отырды. Тек үкім оқылғанда барып басын көтеруге де шамасы келмей қалды.

– Сүлейманов Талғат Батырбекұлына түпкілікті өмірбойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын! Оңалбаев Мұрат Тілектесұлы  25 жылға бас бостандығынан айырылсын, – деп сот кесімін айтты.

Басты айпталушы – Талғат Сүлейменовті сот 5 бап бойынша кінәлі деп тапты. Қарақшы бастапқыда біраз әрекетін мойындамаған. Бірақ марқұмдарды атқан қару қылмыстың барлығын әшкерелеп берді. Осылайша, арам пиғылын алдын ала ойластырған Сүлейменов лаңкес Күлікбаев жатқан колонияға жіберілді. Ал оның сыбайласы Мұрат Оңалбаев болса бақандай 25 жылға қатаң режимдегі түрмеге қамалды. Қанды қылмысты жасырып қалған малшы төрт жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыскерлердің әйелдері соттан еңіреп қайтты.

Өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасымен келіспеген марқұмдардың туыстары енді апелляцияға жүгінбек. Естеріңізге салсақ қанды қылмыс қыркүйекте болған. Ұзынағаштың мал базарынан үш жігітті малымен алдап шығарғандар, артынша Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият есімді үш ағайындыны аулаққа апарып айуандықпен өлтірген еді.

Рекомендовать
Последние новости