Алматыдағы креативті индустрия: бұл салада 22 мың кәсіпорын жұмыс істейді

Dalanews 03 нояб. 2022 14:02 949

1-5 қараша аралығында мегаполисте Almaty Creative Week апталығы өтуде, оған 30 халықаралық ұйымнан 130 спикер келіп қатысуда.

Форум жұмысына білім беру және креативті хабтар, Нидерландының, Францияның, Италияның, Германияның, Ұлыбританияның, Қырғызстанның, Өзбекстанның және т.б. елдердің креативті сегментінің ұйымдары тартылған.

Қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров Almaty Creative Week апталығының салтанатты ашылуында атап өткендей, Алматының креативті индустрияны дамытуға барлық қажетті ресурсы бар.

Оның айтуынша, бүгінде бұл салада қалада 22 мың кәсіпорын жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша креативті индустриялар саласынан шағын және орта бизнес субъектілері төлеген салық сомасы 5,4 млрд. теңгені құрады.

«Бүгінгі форум Алматы қаласы және креативті қоғамдастықтың барлық өкілдері үшін ашық сұхбаттасу, тәжірибе алмасу, креативті индустриялардың сапалы және прогрессивті дамуы үшін жаңа бизнес-үлгісін анықтау мүмкіндігін береді.

Біздің дамуымыздың векторы келесі: сәулет, дизайн және заманауи өнер, музыка, кино және анимация, сән және қолөнер, жаңа медиа және цифрлық мәдениет, киберспорт және гейм-девелопмент секторларында шоғырланатын болады», – деп атап өтті Әлішер Әбдіқадыров.

Сондай-ақ ол креативті индустрияны тиімді дамыту мақсатында Алматыда тиісті инфрақұрылым қалыптастыру, кәсіпкерлікті ынталандыру, сондай-ақ бұл саладағы білімді, дағдыны және құзыретті әйгілеу бойынша шаралар қабылданатынын айтты.

Алдағы жылдары Алматыда 3 креативті хаб, IT-хаб, қалалық венчурлық қор және халықаралық деңгейде екі бейне- және дыбыс жазу студиясын ашу жоспарланып отыр.


2030 жылға қарай креативті  индустрия секторын кешенді дамыту Алматының жалпы өңірлік өніміндегі креативті индустриялар салымын 5%-ға дейін жеткізіп және креативті индустриялар экспортының қызметін 500 млн. АҚШ долларына дейін арттыра отырып, саланы экономикалық маңызды салаға айналдыруға мүмкіндік береді.



Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта креативті индустриямен байланысты өзгерістер мен толықтырулар Кәсіпкерлік кодексіне және «Мәдениет туралы» Заңға енгізілуде.

Алматы Креативті индустриялар апталығының 1-5 қараша аралығында өтіп жатқанын естеріңізге саламыз. Іс-шаралар шеңберінде көрмелер, перфоманстар, шеберлік класстары және көптеген басқа да шаралар ұйымдастырылатын болады. Бұдан басқа, Тимур Бекмамбетовтың «ПРОФИЛЬ» фильмінің премьералық көрсетілімі, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарының арасында Dota 2 түрінде Almaty Creative Week Esports Cup 2022 киберспорт турнирі өтеді.

Рекомендовать
Последние новости