Алматыдағы екі балабақша мемлекет меншігіне қайтарылады

Ақтоты Жапатова 10 июл. 2025 10:31

Алматының мемлекеттік активтер басқармасы бұрынғы балабақша ғимараттары мен комбинаттың бір ғимаратын қаланың меншігіне қайтармақ. Бұл туралы Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқарма басшысының орынбасары Жантөре Айтжанов мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жантөре Айтжановтың айтуынша, жалға алу шартының басым бөлігі бұзылып, қазір тараптардың екі нысанды қайтару үшін соттасып жатқаны мәлім болды.   

2002 жылдан бастап 11 жеке меншік пен арнаулы орта білім беру мекемесіне, атап айтқанда «Ақ ниет», «Элко», «Лидер», «Арай», «Магистр», «Сенім», «Кәсіпкерлер мектебі», «Көгілдір желкен», «Теремок», «Айгерім» мен Алматы менеджмент және сервис колледжіне 10 балабақша мен бір комбинат ғимараты жалға берілген.

2020 жылдың мамыр айында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жеке ұйымдармен жасалған мүлікті жалға беру шарттарын кезең-кезеңімен бұзу туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім мектепке дейінгі жаңа ұйымдарды құру үшін қабылданған болатын. Енді осы оқу орындарымен жасалған барлық жалға алу шарты қайта бұзылды.

2023 жылдың маусым айында «Арай» мен «Сенім» мекемесіне нысандарды қайтару туралы ресми хабарлама жолданып, шілде айында арадағы жалға алу шарты бұзылғанымен, олар нысанды босатудан бас тартқан еді. Осыған байланысты Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріп, сот талапты қанағаттандырды.

Соттың шешіміне қарамастан, «Арай» мен «Сенім» мекемесінің қызметкерлері бұл нысандарда әлі отыр. Алматыдағы Әділет департаментіне оларды мәжбүрлеп шығару материалы тапсырылды. «Арай» мекемесі ғимаратты 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін босатуды кейінге шегеруін сұрағанымен, 3 шілдеде өткен сот оған келіскен жоқ. 

Құқықтық рәсім аясында 2025 жылғы 14 пен 15 шілдеде Алматы қаласының Әділет департаменті жаңағы мекемелерді нысаннан шығара бастамақ.  

Аталған нысандарды коммуналдық меншікке қайтару мен оларды құрылыс-жөндеу жұмысына даярлау барысы заң шеңберінде іске асты.


Рекомендовать
Последние новости