Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сергей Кулагиннің иелігіндегі жерлерге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министр Сапаров екеуіне қанша гектар жер тиесілі екенін нақты айта алмады.
"Жалпы жоспар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, комиссия құрылған. Ол кісілерде нақтыы қанша гектар жер бар екеніне жауап беруге дайын емеспін. Қағаз жүзінде қанша екенін кейін жіберейін. Бірақ жер игерілмей жатса, оны қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тапсырма берілген, жұмыс істеп жатырмыз. “Ананың жері, мынаның жері” демейміз. Жұмыс істемесе жерді босатуы керек, басқа адамға беруі керек", дейді министр.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Сергей Кулагиннің иелігіндегі жер учаскесіне қатысты сот дауы басталған болатын. Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті мен ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі сотқа арыз түсіріп, жер учаскесіне қатысты шарттарды жарамсыз деп тануды талап етіп отыр.
Талап арыз "Аскоп" және "Интеграция-Целина" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, сондай-ақ, Бурабай ауданы жер қатынастары бөліміне қарсы берілген.
Іске қатысты мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот жер учаскесінің кадастрлық деректерін толық зерттеуге кірісті. Осы мақсатта "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан Щучинск қаласындағы "Светлый" шипажайы орналасқан жердің нақты иесі туралы ақпарат талап етілген.
Сот, сондай-ақ, мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне даулы учаскеге барып, "Аскоп" серіктестігінің жері Президент Іс басқармасына қарасты "Бурабай" ұлттық табиғи паркі жеріне қабаттасып жатқан-жатпағанын анықтауды тапсырды. Тексеріс нәтижесі бойынша сотқа ресми жазбаша қорытынды ұсынылуға тиіс.