Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Кулагиннің жеріне қатысты сот дауы басталды

Сағыныш Сардарова 01 шіл. 2025 10:06

Ақмола облысында бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Сергей Кулагиннің иелігіндегі жер учаскесіне қатысты сот дауы басталды. Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті мен ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі сотқа арыз түсіріп, жер учаскесіне қатысты шарттарды жарамсыз деп тануды талап етіп отыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz 

Талап арыз "Аскоп" және "Интеграция-Целина" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, сондай-ақ, Бурабай ауданы жер қатынастары бөліміне қарсы берілген.

Іске қатысты мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот жер учаскесінің кадастрлық деректерін толық зерттеуге кірісті. Осы мақсатта "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан Щучинск қаласындағы "Светлый" шипажайы орналасқан жердің нақты иесі туралы ақпарат талап етілген.

Сот, сондай-ақ, мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне даулы учаскеге барып, "Аскоп" серіктестігінің жері Президент Іс басқармасына қарасты "Бурабай" ұлттық табиғи паркі жеріне қабаттасып жатқан-жатпағанын анықтауды тапсырды. Тексеріс нәтижесі бойынша сотқа ресми жазбаша қорытынды ұсынылуға тиіс.

Әзірге азаматтық іс бойынша нақты шешім қабылданған жоқ, сот процесі әлі жалғасып жатыр.

Ашық деректерге сүйенсек, "Аскоп" және "Интеграция-Целина" компанияларының меншік иелері ретінде бұрынғы шенеунік, Ақмола облысының экс-әкімі Сергей Кулагин және оның жұбайы Галина Кулагина тіркелген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар