Алматыдағы атыс: билік Ақтөбедегі оқиғадан сабақ алған жоқ

Dalanews 18 июл. 2016 11:36 823

Алматыдағы қарулы қақтығысқа байланысты саясаттанушы Айдос Сарым өз пікірін білдірген екен. 

– Менің жеке көзқарасым бойынша Ақтөбедегі оқиғадан билік те, еліміздегі күштік құрылымдар да, ақпарат құралдары да сабақ алуы керек еді. Теракт дегеніңіз ең алдымен – ақпараттық соғыс. Ланкестердің басты мақсаты – қоғамды үрейлендіріп, биліктің қандайлық деңгейде әлсіз екенін әшкерелеу. Осы ақпараттық соғыста... мемлекетіміз 100 пайызға деп айта алмаймын, 70-80 пайызға жеңіліс тауып жатыр. Мәселен, Ресей, Әзербайжан, Түркия елдеріндегі ақпарат құралдары мұндай төтенше жағдайда түн демей, күн демей нақты ақпарат таратуға қауқарлы екенін талай мәрте дәлелдеді. Ал, бізде ресми мәліметтер түрлі дақпырттардың көлеңкесінде қалып қойып жатады.
Мысалы бүгін осы оқиға бастала салысымен, қандай жағдай болмасын телеарналар мен радиоларды қосып, не болып жатқанын ресми түрде жариялануы керек еді. Өкініштісі, олай болмады. Халық түрлі үрейлі ақпараттарды фейсбук, уатсап секілді әлеуметтік желілерден естіп-біліп жатыр.

Біріншіден, «Жұлдыз» ықшамауданынан 100 шақты қаруланған ланкес жолдағысының бәрін атып, қырып келеді екен», «Мегацентрді басып алыпты», «Вокзалға жарылғыш зат қойылыпты» деген секілді шындыққа жанаспайтын ақпараттар елдің есін алды. Екіншіден, мұндай жалған мәлімет құқық қорғау органы қызметкерлерінің күшінің жан-жаққа бөлінуіне ықпал жасады.

Яғни, мұндай ақпаратты ланкестік әрекетті жасап отырғандардың өздері таратып отырған болуы мүмкін. Сондықтан, арандату мақсатында жалған ақпарат таратқан азаматтар ұсталып, заң алдында жауапкершілікке тартылуы керек.

Алматыдағы оқиғаны саралап, бұдан кейін мұндай жағдайдың алдын алу үшін нақты нәтижеге қол жеткізгеніміз дұрыс.

Түркиядағы жағдай кезінде Премьер-министр, қаланың әкімі секілді лауазымды тұлғалар халықтың ішінде жүрді. Біз әлі қоғамға басу айтып жатқан ресми тұлғаларды көріп отырған жоқпыз. Халыққа басу айтып жатқандардың дені – қоғамдық белсенділер. Бұл негізінен – биліктің міндеті.

Біз қалайық, қаламайық елімізге терроризм ұзақ мерзімге келіп, орнығып жатыр. Қоғам енді осындай оқиғаларға бой үйретіп, өмір сүруге бейімделе бастайды. Ал, күштік құрылымдар сол терактілерге тойтарыс беріп, олардың негізсіз ақпараттарының кең таралмауына бар күшін салуы қажет.

Дереккөз: abai.kz


Рекомендовать
Последние новости