Алматыда "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы жүзеге асады

Қаракөз Амантай 23 авг. 2024 17:59 3007

Алматыда "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы басталды. Бағдарлама аясында тозығы жеткен желілер мен инфрақұрылым  жаңарады. Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде  Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Буденеева айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Тарифтің өсуіне инвестициялық бағдарлама бекіткен тауар құны, сондай-ақ экономикалық қызмет түрі мен орташа айлық номиналының өзгеруі әсер етті", - деді Әсел Буденеева.

Брифинг барысында Әсел Буденеева биыл өзгерген тарифтерге де тоқталды.

Ол:"Сумен жабдықтау орташа түсім-122,38 теңге/м3 (өсім 23%), халық үшін – 98,97 теңге/м3 (өсім 82,53%). Су бұру орташа түсім – 80,41 теңге/м3 (өсім 50,95%), халық үшін – 80,03 теңге/м3 (өсім 173,78%). Жылу энергиясын беру және жабдықтау орташа тариф - 10 892,83 теңге/Гкал (өсім 12%), халық үшін – 8 058,32 теңге/Гкал (өсім 12%). Ыстық сумен жабдықтау жылыту кезеңінде – 575,09 теңге/м3 (өсім 10,5%), жылуаралық кезеңде – 529,96 теңге/м3 (өсім 10,4%). "Алатау Жарық Компаниясы" электр қуатын беру қызметінің тарифі 8,87 теңгеден 11,4 теңге/кВт·сағ дейін ұлғайды (2,53 теңгеге өсті). ШЖҚ "Алматы Су" сумен жабдықтауға орташа еңбек тарифі 99,41 теңгеден 107,05 теңгеге дейін (өсім 11,78 теңге), халық үшін – 54,22 теңгеден 66,00 теңгеге/м3 дейін ұлғайтылды" - деді.

Қаланың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбақыт Серікбай, алдағы жылы Алматыда кем дегенде 104 км сумен жабдықтау желісін, 73 км су бұру желісін, 39 км жылумен және 120 км электрмен жабдықтау желісін жаңарту жоспарланып отырғанын айтты. Бұл жыл сайын су және жылумен жабдықтаудың тозу деңгейін 3%, ал қалған инженерлік желілерді 1,2% төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.

"Бүгінде жөндеу жұмыстары қолданыстағы тарифпен жүргізілуде. Алайда ағымдағы жөндеу шығындары инженерлік желілердің тозуы мен апат деңгейін төмендете алмайды", - деді ол.

Алматыда инженерлік желілер 50% тозған. Тарифтің өсуі желілер мен жабдықтарды  жаңартуға мүмкіндік береді, бұл апатты азайтып, қызмет сапасын жақсартады.

Бүгінде Алматы қаласының Әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтарына коммуналдық қызмет тарифі өскені  үшін өтемақы төлеуді жалғастырады.

Қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов былтыр шілдеден бастап қала әкімінің бастамасымен 9 санаттағы азаматтар үшін ТКШ қызметінің қымбаттауына өтемақы берілгенін айтып өтті. Бір жыл ішінде 5,7 млрд теңге сомасына 140 мыңнан астам азамат 0,8 АЕК мөлшерінде ай сайынғы әлеуметтік төлем алыпты.

"Алдағы уақытта коммуналдық қызмет бағасының өсуіне байланысты қаладағы  9 санатқа өтемақы төлеу жалғасады", - деді Б.Жаубасов.

Бүгінде Алматыда жоғарыда аталған санаттарға жататын 332 885 азамат тұрады.  Брифинг барысында спикерлер БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, алдағы уақытта тарифтің өсуі желілердің жаңаруымен қатар саладағы қызмет сапасының артуына әкелетінін айтты.


Рекомендовать
Последние новости