Алматыда робототехника бойынша First Global Challenge Central ASIA сайысы өтеді

Көркем Алдабергенова 03 июл. 2024 15:20 2668

Биыл тамыз айында Алматы қаласында мектеп оқушылары арасында робототехника бойынша First Global Challenge Central ASIA сайысы өтеді. Аймақтық жарыстың жеңімпаздары 26-29 қыркүйекте Грекияның Афина қаласында өтетін финалға қатысады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

First Global Challenge - әлемнің әртүрлі елдерінен келген жастар қатысатын робототехника бойынша халықаралық жарыс. Жарыстың мақсаты - жастарды ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салаларында білім алуға ынталандыру және жаһандық мәселелерді шешу дағдыларын дамыту. Биылғы жарыстың тақырыбы - "Feeding the Future" және тұрақты азық-түлік өндірісіне арналған. Қатысушылар халықты таза, қауіпсіз және қоректік азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты кедергілер мен мүмкіндіктерді зерттеп, шешімдер ұсынуы тиіс. Жарыстың ұйымдастырушылары – USTEM FOUNDATION.

Астанадағы дарынды ер балаларға арналған БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ лицейінің оқушыларынан тұратын Quattuor командасы Central Asia FIRST Global Challenge 2024 байқауына дайындалуда. Команда мүшелері Ержан Байбек, Қасымжан Ғалиаскар, Әнуарбекұлы Ілияс Ниязбек, Мұхамеджан және Исин Салахаддин азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін зерттеп, инновациялық шешім жобасын әзірледі. Quattuor командасы Қазақ агротехникалық университетінің агроэкологиялық сынақ орталығында зертханалық жұмыстар жүргізіп, агрономдармен кәсіби сұхбаттар өткізді. Бұл зерттеулер топырақ құнарсыздануы мен эрозиядан кейін қалпына келтіру мәселелерін зерттеуге мүмкіндік берді.

Қазақстанның кең далалық аймақтары мен ауыл шаруашылық жерлері құнарсыздану және эрозияға ұшырауда. Бұл жағдайлар жердің артық пайдаланылуы, дұрыс агротехникалық шаралардың сақталмауы, климаттық өзгерістер және су тапшылығы салдарынан туындайды. Нәтижесінде жергілікті ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуі және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы байқалады. First Global Challenge-ге қатысу STEM-білім беруді дамытуға ықпал етеді. Байқау оқушыларды ғылым мен техникаға қызықтырып, ғылыми білім мен технологиялық сауаттылық деңгейін арттыруға көмектеседі.


Рекомендовать
Последние новости