Алматы қаласында Республика күніне арналған кең ауқымды мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шаралар аптасы басталды. Мерекелік бағдарлама 22–25 қазан аралығын қамтиды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Басты оқиғалар қатарында 24 қазанда Республика сарайында өтетін мерекелік концерт және 25 қазанда «Медеу» мұз айдынында Мемлекеттік Туды көтеру мен Әнұранды орындау салтанаты бар. Бұл іс-шараларға қалалық Мәдениет басқармасы мен Ішкі саясат басқармасы жауапты.

Мереке аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін спорттық жарыстар мен фестивальдер ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, балалар арасындағы хоккей турнирі, джиу-джитсу және футбол лигалары, студенттер мен әуесқойлар арасындағы жарыстар, сондай-ақ «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде 400 метрге жүгіру сайысы өтеді. Жалпы спорттық шараларға 7 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланған.
Сонымен бірге әр ауданда өзіне тән мазмұндағы мерекелік концерттер, патриоттық кештер, дөңгелек үстелдер мен флешмобтар өтеді. Мәселен, Алатау ауданында «Республика күні – ұлттық бірлік пен жаңғыру мерекесі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылса, Әуезов ауданында Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжде «Ант қабылдау» салтанаты өтеді.

Алмалы ауданында Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі концерт өткізсе, Медеу ауданында Жамбыл атындағы филармония мен Almaty Gallery алаңдарында үлкен мерекелік бағдарламалар ұсынылады.
Мереке қарсаңында Бостандық ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық сенбілігі, ардагерлерді құттықтау акциясы және «Republic voice» халық микрофоны жобасы да өтеді.
Барлық іс-шаралар қалалық әкімдік пен аудандық мәдениет бөлімдерінің қолдауымен ұйымдастырылып, тұрғындар арасында патриоттық рух пен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған.
