Алматыда жер сілкінісі туралы жалған ақапарт таратқан тұрғын қолға түсті

Dalanews 26 янв. 2024 12:50 1862

Алматы полициясы жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқан адамның ұсталғаны туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.


Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір күн бұрын тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратты деген күдіктіні қолға түсірген. Оның 1985 жылы туған әйел екені анықталды. Күдіктінің әрекетіне алдағы уақытта құқықтық баға беріледі.


Сонымен қатар полиция ақпараттық-коммуникациялық жүйелер арқылы жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.


“Осындай келеңсіз жайттарға байланысты азаматтарды беймәлім әрі күмән тудыруы мүмкін жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге, сонымен қатар тек ресми дереккөздерден алынған деректерді басшылыққа алуға шақырамыз” - деп толықтырды ведомство.


Естеріңізге салайық, 23 қаңтар күні жер сілкінісінен кейін алматылықтардың чаттарында таңғы бесте екінші рет жер сілкінісі болады деген ақпарат тарай бастады. Ал енді бірі ҚазҰУ жатақханалары мен басқа да ғимараттардың қирағаны туралы хабарлаған болатын.


Осыған байланысты полиция жалған хабарлама таратқан авторларды анықтай бастады. Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне арналған кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқандарды жауапкершілікке тартуды тапсырды.


Айта кетейік, ұсталған әйел Қылмыстық кодекске сәйкес “Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзу және жалған ақпарат тарату арқылы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай зиян келтірді” деген айып арқалауы мүмкін.


Нәтижесінде, жалған ақпарат авторына 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға, не үш жылға дейін еркіндігін шектеуге, не үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Рекомендовать
Последние новости