1 шілде күні Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жоба аясында Алатау ауданы, Зерделі шағын ауданында жастарды адалдық пен әділеттілікке, заңға бағыну мен қоғамдық тәртіпті ұстануға үндейтін көркем жоба — «Адал ұрпақ – жемқорлықсыз болашақ» атты муралдың салтанатты ашылу рәсімі өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Ашылу салтанатына Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Кенесбай Алмаз Абайұлы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобаның жетекшісі Кенесов Әкежан Бақытұлы, Алатау ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалдарбеков Ербол Оспанұлы, Асыл қазына қоғамдық қорының төрағасы Молдахан Орынбек Темірбекұлы, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Муралдың мазмұнында еңбек адамы – дәрігер, құрылысшы, полиция қызметкері бейнеленіп, адал еңбектің қоғамдағы маңызын көрсету көзделген. Бұл Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес, тұрақты даму негізін насихаттайды.
Бүгінде аталмыш волонтерлік жоба аясында 300-ге жуық жас белсенді қатысуда. Олар мемлекеттік сатып алу процестері мен құрылыс нысандарында ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылау жүргізіп, құқықтық және мәдени сауаттылықты арттыру бағытындағы іс-шараларға ұйытқы болуда.
«Адал ұрпақ – жемқорлықсыз болашақ» муралы — болашақ ұрпаққа әділетті қоғамның бейнесін ұсынатын көркем үндеу ғана емес, сонымен бірге жастарды қоғамдық жауапкершілікке баулитын маңызды тәрбиелік құрал.
Іс-шараға қатысып, қолдау білдірген барша азаматтарға ұйымдастырушылар алғыс білдірді.
Заң мен тәртіпке негізделген қоғам – жарқын болашақ кепілі.
- DALA INSIDE-қа өту
- USD 521.1
- EUR 611.5
- RUB 6.65
