Алматыда бюджет қаржысынан 1,5 миллиард теңгеге салынған крематорий үш жылдан бері қаңырап бос тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бұл нысанды өз құзырына алуға құлықсыз. Қазіргі уақытта крематорийді жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын қызмет көрсету бюросына өткізу мәселесі талқыланып жатыр.
Сергей Пономарёвтың сөзінше, мұндай нысан үлкен мегаполис үшін аса қажет әлеуметтік инфрақұрылым.
“Мұнда кең залдар, газбен жұмыс істейтін экологиялық таза чехиялық екі пеш орнатылған. Барлық коммуникация тартылды. Инфрақұрылымы толық дайын. Бірақ әлі күнге дейін іске қосылмай тұр”, – дейді Пономарёв.
Ол Алматыда медициналық және биологиялық қалдықтардың көлемі күн санап артып келе жатқанын атап өтті. Депутаттың мәліметінше, бұл нысанда күніне 16 мүрдені кремациялауға мүмкіндік бар.
“Пандемия немесе эпидемия жағдайында мұндай нысанның маңызы екі есе артады. Оның үстіне, Алматы агломерациясымен бірге алдағы 10–15 жылда халқы 7,5 миллионға жетуі мүмкін. Сондықтан мұндай инфрақұрылым қаланың қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайы үшін стратегиялық маңызға ие”, – дейді депутат.
Айта кетейік, 2020 жылы маусым айында Алматыда крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына тендер жарияланды. Осылайша алғашқы крематорийдің құрылысына 1,5 миллиард теңге бөлінген еді. Алайда арада үш жыл өтсе де, оны басқаруға жауапты мекеме әлі күнге дейін табылмай отыр.
Нысан қай жерде орналасқан?
Крематорий Алатау ауданы ЖЭО-2 жылу электр орталығының оңтүстігінде орналасқан. Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, барлық инженерлік жүйелер тартылып, нысан пайдалануға берілген.
“Ғимарат толық дайын. Архитектура мен әділет органдарында тіркеуден өтті. Барлық техникалық талаптар орындалды”, – деген еді басқарма өкілдері.
Министрлік не дейді?
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, кремация және колумбарийлердің (күл сақталатын орын) жұмысы 2021 жылы бекітілген санитарлық ережелермен реттеледі. Қазір сол ережелерге өзгерістер енгізу бойынша құжаттар дайындалып, келісу процесі жүріп жатыр.
Еске салайық, крематорийдің ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілді. Бастапқыда оны 2021 жылы іске қосу жоспарланған. Кейін бұл мерзім 2022, одан соң 2023 жылға ауысты.
Сонымен қатар әкімдік инженерлік жүйелерді уақытында қоспаған мердігер – “ТаразҚұрылысИнвест” компаниясын сотқа берген. Бұл компания мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырылды.
“Бұл – маңызды нысан. Бірақ қағазбастылық пен бюрократия салдарынан толық жұмысын бастай алмай отыр”, – деді заңгер Асхат Мусин.