Қазақстандықтар Ресейді әлі де достас мемлекет деп санайды - Дәурен Абаев

Көркем Алдабергенова 02 июл. 2025 16:26

Қазақстан халқының 60 пайызы КСРО тарағаннан кейін дүниеге келіп, ресейліктермен бір мемлекетте өмір сүрмегеніне қарамастан, Ресейге деген жылы қарым-қатынас сақталып отыр. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ресейлік "Аргументы и факты" басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сұхбат барысында елші қазақстандық жастардың Ресей туралы көзқарасын айтқан. 

"Бұл сұрақты маған ресейліктер жиі қояды, тек журналистер ғана емес, қарапайым адамдар да. Негізінде, сұрақтың өз формулировкасында бір алаңдаушылық бар: "егер Қазақстан қоғамында "тәуелсіздік буыны" үстемдік етсе, екі ел арасындағы бар тарихи байланыстар мен достық қатынас жойылып кетпей ме?" деген қауіп жатыр", – деді Дәурен Абаев.

Абаев Қазақстанда 1991 жылдан кейін дүниеге келген және КСРО кезінде ресейліктермен бірге өмір сүрмеген азаматтардың үлесі 60 пайызға жуықтап қалғанын атап өтті. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Әсіресе, бұл санатқа экономикалық және азаматтық белсенділігі жоғары, қоғамның әлеуметтік-мәдени бейнесін қалыптастырып отырған топтар жатады.

Алайда, елші атап өткендей, бұл жағдай қазақстандықтардың Ресейге деген көзқарасына кері әсерін тигізіп отырған жоқ.

"Әлеуметтік сауалнамалар мұны анық көрсетіп отыр: Ресей әлі де ең достас ел ретінде көш бастап тұр", – деді ол.

Абаев бұл құбылысты бірнеше тарихи факторлармен байланыстырды.

"Ұрпақ ауысса да, бізде өзгермейтін құндылықтар бар – бұл тату көршілік дәстүрі, өзара көмектесу, тарихи сынақтарды бірге еңсеру тәжірибесі. Бізде әлемдегі ең ұзын ортақ шекара бар. Ортақ экономикалық, гуманитарлық, саяси жобаларымыз жетерлік. Бізді мәдени байланыс қана емес, тіпті терең менталдық ұқсастық та байланыстырады", – деді елші.

"Егер бір рет Қазақстанға келіп көрсек, онда миллиондаған жас қазақстандықтың қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтінін, ресейлік ән тыңдап, ресейлік фильм көретінін, Островский мен Чеховтың пьесаларын сахнадан тамашалайтынын байқайсыздар", – деді Абаев.

Сондай-ақ ол кейбір азаматтардың екі елдің саяси бағытына көңілі толмайтынын жоққа шығармады.

"Иә, екі елде де саяси бағыттарға көңілі толмайтындар табылады. Бұл – қалыпты құбылыс. Себебі әртүрлі пікір бар, ол біздің қоғамдардың күрделілігі мен байлығын көрсетеді. Бірақ негізгі қоғамдық өзек, яғни қазақстандық та, ресейлік те қоғамдар екі ел арасындағы тығыз достықты қолдайды. Бұл саяси деңгейде де көрініс тауып отыр. Президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин және, әрине, үкіметтеріміз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде", – деді Дәурен Абаев.


Рекомендовать
Последние новости