Алматы волонтерлері қаланың әлеуметтік мекемелерінің аумақтарын тазартуға көмектесіп, «Жарқын күз» экологиялық акциясына белсенді қатысады. Осылайша, аталған іс-шаралармен қарттар үйлері, балалар үйлері, үйсіздерге арналған баспаналар және басқа да әлеуметтік мекемелер қамтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымдастырушы қаланың жастар саясаты басқармасының қолдауымен Алматы волонтерлерінің фронт-офисі болды.
Жастар қаланың тазалығын сақтау әркімнің ортақ міндеті екенін түсінеді. Олар көпшілікпен бірге жұмыс істеп, қаланы тазалап қана қоймай, алматылықтарға қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңыздылығын түсіндірді.
Олардың пайымынша, мұндай бастама аумақтарды тазартудан бөлек, қала тұрғындарына өздерінің аумақтарын таза ұстауды және тазалық шараларына белсене қатысуды үндейтін маңызды шара деп ұғынатындарын жеткізді.
Қарттар үйлері мен балалар үйлерінің жанындағы аумақтарды тазарту – бұл тазалықты арттырып қана қоймай, онда тұратын адамдардың көңіл-күйіне оң әсер ететіні анық.
– Мен ерікті ретінде қаланың әлеуметтік мекемелерінің аумақтарын тазалауға қатыстым. Біз қоқыстарды алып тастадық, қоршауларды боядық, жасыл аймақтарды ретке келтірдік және осы мекемелердің тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Менің ойымша, мұндай акциялар қоғаммен байланысты нығайтуға және біздің қолдауымызға мұқтаж адамдарға қамқорлық жасаудың маңыздылығын көрсетуге көмектеседі, – деп атап өтті ерікті Құдайберген Шәмші.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында жүзеге асырылып жатқан «Жарқын күз» акциясы жалғасуда. Бұл экоакция ағымдағы жылдың 24 қазанына дейін жалғасады.