Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылды

Dalanews 16 нояб. 2022 08:18 721

Алматыда Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ескерткіштің авторлары – мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов. Мүсін композициясы қоладан, тұғыры тұтас күрт гранитінен жасалған ескерткіштің биіктігі – 5 метр.

Ескерт ашылу салтанатына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.



“Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Торғайда Міржақып Дулатұлы екеуіне ескерткіш орнатылып, қос алыптың әдеби музейі толық жаңғыртылды. Былтыр осы Алматыдағы мұражайы мемлекет меншігіне қайтарып алынғанын білесіздер. Енді, міне, қала төрінде сәулетті ескерткіші бой көтерді.

Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды» деген болатын.


Ахмет Байтұрсынұлының ұрпаққа аманат еткен мол мұрасы – қазақтың баға жетпес асыл қазынасы. Бүгінде Ахметтану ғылымына бет бұрып, ғалымның шығармашылығын зерттеп жүрген жастардың қатары көбейіп келеді.  Бұл – ұлы тұлғаның ұлағатты жолы ешқашан үзілмейді деген сөз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рекомендовать
Последние новости