Алматыда 16 гектардан астам жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған

Dalanews 15 февр. 2023 08:26 1102

Алматыда «Бірыңғай сатып алу терезесі» жобасын аясында бюджеттен  7 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделген. Бұл жайындағы ақпаратты Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі қызметкерелері қалалық Қоғамдық кеңестің алғашқы көшпелі отырысында айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Отырыс барысында Алматы қаласы қоғам өкілдерін агенттік пен азаматтық сектордың бірлескен жұмысының нәтижелерімен таныстырды.

Бүгінгі таңда жұртшылықпен жұмыс барысында Қоғамдық кеңестің қатысуымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының әрбір саласы бойынша жұмыс топтары құрылып, қазірде жекелеген салаларда оң нәтижелер бар.

Мәселен, жер қатынастары саласында 1,2 млрд теңгеге бағаланатын 16 гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Қоғамдық кеңестің Төрағасы Марат Башимов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қоғаммен сындарлы әріптестігінің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның ресурстарын пайдалану қажет. Бұл тәжірибенің артықшылығы – өзара ақпарат алмасу, нақты шешімдерді бірлесіп талқылау және әзірлеу, бағдарламаларды кешенді әзірлеу және нормативтік актілерге қоғамдық сараптама жүргізу болып табылады. Жұртшылықпен үйлесімді жұмыс экономикалық және әлеуметтік мәселелерді жедел қарауды және сапалы шешуді қамтамасыз етеді,  – деді.  


Қазіргі уақытта картаға 6 сала кірді. Олар – құрылыс және тұрғын үй, экономика және қаржы, экология, жер, фискалдық және әлеуметтік салалар.

Қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство атап өткендей ағымдағы жылы департамент жұмысының негізгі бағыты экология саласындағы проблемалық мәселелерді шешуге бағытталатын болады.

Рекомендовать
Последние новости