120 жылдық тарихы бар компания алғашында монополия болып құрылып, қазіргі таңда мемлекеттің қарамағына өткен.
Бүгінгі күні олар халықаралық дәрежеде ең табысты компаниялардың ішінде екінші орында тұр. «KT&G» Қазақстанда тек темекі өнімдерін шығарып қана қоймай, темекіні қыздыруға арналған құрылғыны да өндіретін болады.
Айта кетейік, «KT&G» темекі өнімдерін шығаруда Кореяда бірінші орында тұрған кәсіпорын болып табылады.
– Қазіргі кезде бірнеше халықаралық жобаларды жүзеге асыру үстіндеміз. Олардың қатарында орталық Азия елдері, Индонезия және Қазақстанда бар. Қазақстандағы бұл бастаманың алар орны ерек деуіміздің басты себебі, Қазақстан ТМД елдерінің нақ ортасында орналасқан. Біздің зауытты салудағы қарқынымыз көз ілеспес жылдамдықта болады, сондықтан жақын арада Алматы облысында өнім өндіруді бастап кетеміз деген ойдамыз, – деді шетелдік өндіріс құрылысының директоры Янг Жу Ким.
Зауытты салуға жалпы құны 200 млн доллар инвестиция тартылған. Жоба сәтті болса, 2030 жылға қарай тағы да дәл осы көлемде қаржы құю жоспарланып отыр.
– Сіздердің аймақта үлкен жобаны жүзеге асыру біз үшінде мәртебе. Жалпы компанияға келер болсақ, «KT&G» тек зауыт салумен ғана айналыспайды. Бұл компания қызметкерлерді арнайы оқудан өткізіп, еңбектің қыр-сырына баулып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді, – деді компанияның атқарушы вице-президенті Чи Бам О.
Аталмыш кәсіпорынға Боралдай аумағынан жер де қарастырылған, жақын арада іргетасы қаланады деп күтілуде. Ең қуантарлығы ондағы қызметкерлердің 90 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Бас-аяғы 200 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Компания өкілдерінің айтуынша, 16 жыл бойы олардың табысы жыл сайын артып келеді. Сөздеріне сенсек, темекі өнімін шығарудағы табысы "Самсунг" компаниясымен бір дәрежеде екен.
Оған дәлел, өндіріс ошағының 21 жыл ішінде Латын Америкасындағы табысының 154 есеге өскені.
Компания өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бұл зауыт ТМД елдерінде темекі өнімін өндіретін алдыңғы орындағы кәсіпорын болмақ. Алдағы уақытта Алматы облысында өндірілген өнімнің 50 пайызын экспортқа шығару жоспарланған.
Аталмыш зауыттың өңір экономикасындағы алар орны ерек екенін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те тілге тиек етті.
– Алматы облысы екіге бөлініп, жаңа облыс орталығы Қонаев қаласына қоныс аударғанына 8 айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында бірегей жобалардың іске асуына шешімдер қабылдадық. Бұл күн де аймақ үшін аса маңызға ие. Өйткені, өзара серіктестік қарым-қатынасты нығайту үшін меморандумға қол қоямыз, – деді өңір басшысы Марат Елеусізұлы.
Зауыттың жалпы атқарар қызметі мен ерекшелігіне тоқталған қос тарап соңында екі жақты меморандумға қол қойды. Бас құжаттың аясында Алматы облысында тағы бір ірі зауыт кереге жаймақ. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық жай-күйіне оң әсер етері сөзсіз.