Алматыда 14 жасар жасөспірім терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқан

Ақтоты Жапатова 12 июл. 2025 13:00

Алматыда 14 жастағы жасөспірім Медеу ауданында жарылыс жасайтыны туралы жалған хабарлама таратқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, жасөспірім «WhatsApp» мессенджері арқылы белгісіз нөмірден тұрғын үйлердің бірінде жарылыс ұйымдастыратынын жазған. Ақпарат түсе салысымен шұғыл қызмет өкілдері мен саперлер көрсетілген мекенжайға барып, ғимаратты толық тексерді. Тексеру кезінде жарылғыш заттар мен күмәнді құрылғылар табылған жоқ.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде хабарлама авторы қысқа уақытта анықталды. Ол сол ауданда тұратын 14 жастағы жасөспірім болып шыққан. Тергеу барысында ол өз әрекетін мойындап, жалған ақпаратты бұзақылық мақсатта таратқанын айтқан.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы — «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алматы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Берік Әділбеков мәлім еткендей, бұл іс бойынша тергеу департаменттің арнайы басқармасына тапсырылған.

«Терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратқандар алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — деп ескертті Берік Әділбеков.

Құқық қорғау органдары азаматтарға, әсіресе ата-аналарға, балалардың интернеттегі әрекеттеріне мұқият болуды және мұндай хабарламалардың салдары ауыр болатынын түсіндіруді ескертеді.


Рекомендовать
Последние новости