Алматы облысында жасырын есірткі зертханасы әшкереленді

Сағыныш Сардарова 07 нояб. 2024 11:10 1190

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы бір көлемді есірткі зертханасын жойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл қазанда ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен синтетикалық есірткі өндіріне қатысты жасырын зертхананың әрекетінің жолын кесті.

Есірткіні дайындау кезінде Қазақстан азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.

"5 кг жуық дайын және 350 литр а-PVP сұйық психотроп заты, сондай-ақ 800 литр прекурсорлар мен есірткі дайындауға арналған зертханалық жабдық тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

Айта кетейік, бұған дейін де Алматы облысында полиция есірткі зертханасын жойды.

“Қарасора – 2024” жедел-профилактикалық іс-шара барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Бесағаш ауылының маңында психотроптық заттарды заңсыз өндірді деген күдіктіні ұстады. Полиция тоқтатқан көлікті тексеру барысында жолаушылар орындығында 22 жастағы ер адам болған.

Жеке тінту барысында одан ерекше иісі, ұнтақ заты бар қара полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.

Психотроптық заттарды заңсыз дайындау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.


Рекомендовать
Последние новости