Алматы жастарына арналған мүмкіндік алаңы: комьюнити орталық қалай жұмыс істейді?

Ақтоты Жапатова 23 июл. 2025 12:04

Қоғамдағы әрбір жас — ел болашағының іргетасы. Ал сол жастардың ішіндегі белгілі бір себептермен оқымайтын, жұмыс істемейтін, өмірдің жолын таппай жүрген тобы — NEET санаты ерекше назарды қажет етеді. Осы санаттағы және жалпы алматылық жастарға қолдау көрсететін маңызды бастамалардың бірі — комьюнити орталықтар желісі. Алматы қаласында мұндай орталықтар бүгінде әр аудан бойынша жұмыс істейді. Dalanews.kz тілшісі солардың бірі - Әуезов ауданының Мамыр-1 шағын ауданында орналасқан комьюнити орталыққа барды.

Бұл орталық 2024 жылдың 1 қаңтарында ашылған. Аз уақыттың ішінде жастар үшін маңызды орынға айналып үлгерді. Мұнда жастарға бағыт-бағдар беріліп, оларды қайта әлеуметтендіру және өмірлік дағдыларға бейімдеу жолында бірқатар жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Балдырған Айшагүл, орталықтың бас маманы:

— Біздің орталықтың негізгі мақсаты — жастарды қолдау. Әсіресе NEET санатындағы жастарды білім мен еңбек нарығына қайта тарту. Оларға қысқа мерзімді курстар, жұмысқа орналасуға көмектесу, тегін заңгерлік және психологиялық кеңес беру, шығармашылық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру сияқты қолдаулар ұсынылады.

Комьюнити орталық — бұл тек әлеуметтік көмек орны емес, сонымен қатар жастардың өз қызығушылықтары мен қабілеттерін танып, дамыта алатын креативті кеңістік. Мұнда тегін коворкинг аймағы, музыка және би студиясы, театр залы, дыбыс жазу бөлмесі, шығармашылық жобаларға арналған алаңдар бар.

"Қазір орталықта "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында ең көп жұмыс атқарылып жатыр. Әр сенбі сайын жастармен, белсенділермен бірге сенбіліктерге шығамыз. Эко-акциялар, семинарлар ұйымдастырып жүрміз. Қазір жаз болғандықтан жастарға арналған кино және акустикалық кештер жасап жатырмыз", - дейді маман. 

Орталыққа жастарды тарту жолы қандай?

Комьюнити орталықтың қызметкерлері жастарды тарту үшін белсенді түрде ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Олар ЖОО, колледждер мен мектептерге барып, тікелей таныстыру жұмыстарын ұйымдастырады. Сонымен қатар жастар жиі қолданатын әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдаланады. Орталықтың қызметтері туралы барлық ақпарат www.jasalmaty.kz сайтында қолжетімді. Бұл платформа арқылы жастар өздеріне жақын орталықты таңдап, бос залдарды қарап, қажет қызметке тіркеле алады.

"Сайт өте қолжетімді. Кез келген жас сайтқа тіркеліп, өзіне қажет ауданды таңдайды. Алматы бойынша 8 ауданда да комьюнити орталық бар. Қазір тіпті әр ауданнан екі орталықтан ашылып жатыр. Тіркелуші өзіне қажет комьюнити орталықты таңдаған соң өзіне қажет бөлімді таңдайды. Мысалы, жұмыс, курс және т.б. Сондай-ақ сайтта әр орталықтың залдары көрсетілген. Тіркелуші өзіне қажет залды таңдап, оның қай уақытта бос екенін көре алады және оны таңдай алады. Егер сайтпен жазылу мүмкін болмаса, 24/7 жұмыс жасаайтын байланыс телефоны да бар", - деп түсіндірді Балдырған Айшагүл.

Орталықта жүзеге асқан жобалар мен бастамалар

Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің студенттері комьюнити орталық арқылы шағын театр қойылымын сахнаға шығарса, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰУ студенттері акустикалық кеш ұйымдастырған. Ашық аспан астындағы «Құндылық» атты іс-шара да жастар бастамасымен өтті. Бұл комьюнити орталықтың жастар идеясына құлақ түріп, жүзеге асыруға нақты қолдау білдіретінін көрсететін бірнеше мысал ғана.

"Жастар шығармашылық бағыттағы кештер мен жобаларға көбірек қызығады. Біз жақында ғана құмыра жасау шеберханасына бардық. Жастарға қатты ұнады, олар тіпті кешке дейін қалғысы келді. Біздің орталықтың өзі шығармашылыққа бейім. Студенттер бізге өз жобаларын әкеліп, таныстырады. Идеяларын ұсынады. Ал біз оларды жүзеге асыруға көмектесеміз, - дейді бас маман. — Біз жастарға тек алаң ұсынып қана қоймай, олардың идеяларын шын мәнінде тыңдаймыз, қажет серіктестермен байланыстырамыз. Бұл жастардың өзіне деген сенімін оятады".

Жастарға қажетті ең басты көмек — қолдау мен тыңдай білу

Комьюнити орталықтың қызметтерінің ішінде жастар жиі жүгінетін бағыттар — психологиялық және заңгерлік көмек. Сонымен қатар тұрғын үй, қаржылық кеңестер, "Отбасы банкімен" бірлескен консультациялар да бар. Орталық серіктестік орнатқан ұйымдар арасында стоматологиялық клиникалар, колледждер, жекеменшік мектептер бар.

Жастар күніне арналған ерекше кеш

Қазір комьюнити орталық ұжымы Жастар күніне арналған үлкен акустикалық кешке дайындалып жатыр. Шараға жас өнерпаздардан бастап танымал әншілерге дейін шақырылмақ. Бұл кеш — жастардың өздерін көрсетуіне, жаңа байланыстар орнатуына үлкен мүмкіндік болмақ.

Президент сөзімен түйіндесек:

«Қазақстанның жастары — жасампаз. Олардың тың идеялары мен бастамалары ел болашағына сенімді нығайта түседі», — деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі комьюнити орталықтардың маңызын айқын көрсетеді.

Бүгінде бұл кеңістіктер — тек бос уақытты өткізетін орын емес, шынайы өмірлік өзгеріс әкелетін, жастарға бағыт пен қолдау беретін жаңа буын әлеуметтік институтқа айналып келеді.


Рекомендовать
Последние новости