Алматы әуежайында адамды кепілге алған қаскөйдің тағы бір қылмысқа қатысы бар болып шықты

Көркем Алдабергенова 07 мар. 2025 16:20 4941

Алматы әуежайында адамды кепілге алған қаскөй бұған дейін автобуста әйел адамды соққыға жыққан, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп. 

Былтыр күдікті ер адам Алматыда автобуста әйел адамға тап беріп, оны соққыға жыққан. Алматы қалалық полиция департаменті екі іске де бір адамның қатысы бар екенін растады.

- Бұған дейін күдікті қоғамдық көліктегі оқиғадан кейін Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Сот тергеу барысында бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу шарасын таңдады, дейді ПД өкілдері.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Өткен жылдың желтоқсан айында сот ер адамды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам әуежай қызметкерін кепілге алғанын жазған едік. 

Әуежай өкілдерінің сөзінше, оқиға бүгін, 7 наурызда әуежайдың ұшу алдындағы тексеру аймағында болған.

Сағат 11:45 шамасында өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам ішкі терминалдағы (Т1) рейс алдындағы тексеру аймағына келген. Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерлері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған, бірақ ер адам скрининг офицерін шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған.

7 минуттан кейін әуежайдың желілік полиция бөлімінің (LPD) қызметкерлері және Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ер адамның пышағын тартып алған.

Қазіргі уақытта ер адам полиция бөлімінде, құқық қорғау қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.


Рекомендовать
Последние новости