Әлемде екі тілді бірінші сыныптан оқытатын екі-ақ ел бар

Dalanews 16 мар. 2017 00:32 1105

Мен компаративист-ғалым ретінде әлемнің озық 20 елінде бастауыш сыныптарда, яғни, 1-6 сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде екі тіл 1-сыныптан бастап – 2 елде, 2-сыныптан бастап – 5 елде, 4 және 6-сыныптардан бастап – 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде үш тіл бірдей оқытылмайды.

Елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде 3 тіл оқытылып келеді. Соның нәтижесін білу үшін біз Алматы қаласы мен Алматы облысының 8 қазақ мектебінде әлеуметтік зерттеу жүргіздік.

Зерттеуге бастауыш сыныптарда сабақ беретін 103 мұғалім тартылды. Осы ұстаздардың 83,97 пайызы оқушыларға 3 тіл оқытқанда олардың үш тілді де меңгеру деңгейі төмендейтінін ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде өздері де аңғармай үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтты.

Мұғалімдер 1-сыныпқа келген көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1-сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2 немесе 3-сыныптан бастап оқытып, ал ағылшын тілін 6-сыныптан бастап қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни, аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген. Ағылшын тілі осылай оқытылатын болса, 2-3 жылда балалар оны жақсы үйреніп шығарына сенім білдіріпті. Бұл пікірді лингвист-ғалымдар да қолдап отыр. Мен де осы пікірді ұстанамын".

Асқарбек Құсайынов, педагогика гылымдарының докторы, профессор

(«АҚИҚАТ» журналы, №1, 2017)

Рекомендовать
Последние новости