Әлдекімдер Бишімбаев ісі бойынша судья Құлбаеваға қоңырау шалып, қорқытқан

Сағыныш Сардарова 19 апр. 2024 14:17 130776

Бишімбаев пен Байжановтың ісіндегі судья Айжан Құлбаеваны телефон арқылы әлдекімдер қорқытқан, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласының Полиция департаменті судья Айжан Құлбаеваға қатысты қорқыту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскен.

Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі (Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.

Судья жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, интернетте жүргізілген мониторинг барысында судьяға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланым анықталыпты.

Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша тергеу органы Қылмыстық кодекстің 411-бабының 1-бөлігі (Судьяға жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Заң кез келген адамға сот төрелігін жүзеге асыру процесіне, оның ішінде судьяның атына жала жабу немесе қорқыту сипатындағы материалдарды жариялау жолымен, ықпал етуге тыйым салатынын ескертеміз.
Сот билігінің беделін түсіретін әрекеттердің жолы кесіледі", - деп ескертті Жоғарғы сот өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін судья Айжан Құлбаева айыпталушының адвокаты Ерлан Ғазымжановқа қатысты сотты құрметтемегені үшін жеке сот қаулысын шығару туралы мәселені талқылауға сот процесін тоқтатты.

"Мен Бишімбаевқа сұрақ қойып біткен жоқпын. Сіздің (судьяның) әрекеттеріңізге қарсылық білдіруге мәжбүрмын. Қорғаушыларды тыңдамайсыз. Айыпталушының сөйлеуіне мұрша бермейсіз, бізге сұрақ қоюға мүмкіндік бермейсіз. Бұл біржақты процесс деп ойлаймыз. Бәрі Бишімбаевқа қарсы", - дейді адвокат Ерлан Ғазымжанов.

"Сот қорғаушы Ғазымжановқа қатысты сот отырысы барысында сотты бірнеше рет құрметтемегені үшін жеке қаулы шығару туралы мәселені талқылау қажет деп санайды. Осы себепті сот кеңесу бөлмесіне шығарылады", - деді судья.


Рекомендовать
Последние новости