Алаш азаматтарынан түгел айырылдық. Бәрі дерлік тұқым-жұрағатсыз кетті

Dalanews 31 мая 2017 05:04 1133

Әуелі патшалық Ресейдің, содан соң советтік Ресейдің басыбайлы отарына айналған кезді байыптасақ, бейбіт замандардың өзінде бар тауқымет еңсе көтерген игі жақсылардың басына түсіп отырғанын көреміз. Қудаланды, түрмеге жабылды, айдалды, көзі құртылды.

Әсіресе, советтік ХХ ғасырда. Алаш Азаматтарынан түгел айырылдық. Бәрі дерлік тұқым-жұрағатсыз кетті. Жоғарыда көрінген, атақтылар ғана емес. Ауыл мұғалімінен еті тірі қарапайым шаруаға дейінгі аралықтағы, өз бетімен ойлап, өз ырқымен жүре алатын, қорлық, зорлық, қыспақ атаулыны жан-тәнімен сезінетін, иманды, мінезді, өз басы, әзірше, өскен орта, әрқилы жағдай нәтижесінде шектеулі өрісте ғана қалған, бірақ болашақта дені түзу, жақсы тұқым бере алатын, ел көлемінде болмаса да, аудан-ауыл көлемінде кісілігін сақтайтын келешек намысты қазақтардың ата, әкелері орта жолдан, немесе көктей қиылды.
Бұлармен қатар жасаған, көнбіс, момын, кейіннен, басқа бір, көбіне-көп ортақол шаңырақтарда дүниеге келген можан-топай қауым ғаламат ашаршылыққа ұшырады, қырғын соғысты бастан өткерді, тың игеру, жаппай жаныштау топанының астында қалды – ақыр түбінде ұлт мүддесі тұрыпты, адамдық намыстың өзі тәрк етіліп, күнкөріс, қарынтоқтығын қамдау бірінші орынға шықты.

Сонымен қатар, бұл кезде кімнің наны жүрді десек… – даңғой белсенді, рақымсыз қызылжаға, адамшылық, ізгілік атаулыдан кенде жалақор мен жандайшап, қатардағы кеңсе қызметкерінен қалалық, облыстық деңгейге дейінгі аралықтағы, заманның ыңғайын тапқан мәнсапқор басшылар мен мен көнбіс жалшылар! Солардың ұрпағы еселеп, тоқсаусыз өсіп-өнді, оқып-жетті, барлық жерде берік орнықты. Сөйтіп, ұлттың тұрақты генофондындағы тексіздер мен жетесіздердің үлес салмағы өлшеусіз көбейді, керек десеңіз, басым көпшілілкее айналды.

…Бүгінгі ел қамын ойлайтын бірлі-жарым алаш азаматтарын аяқтан шалған, төбеден ұрған, қайткен күнде өздерінің күйкі ой, теріс пиғылдарын күнделікті баспасөздерден – жоғары билікке дейінгі аралықта тоқтаусыз өткізіп отырған ұлтсыздықтың қуат-күші ең алдымен осындай жетесіздікте жатыр.

Мұхтар Мағауин, Ұлтсыздану ұраны. «Алаш», Алматы – 2004 ж. 57-б

Дереккөз: qazaquni.kz

Рекомендовать
Последние новости