Әл-Фараби кітапханасы сирек кездесетін көне кітаптармен толықты

Dalanews 07 июл. 2021 11:21 979

Бүгін белгілі ғалым Дүйсенбеков Бақытжан Әлішерұлы ғылыми-әдеби мазмұны бай, мағынасы терең, сирек кездесетін көне кітаптарды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасы қорына тапсырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев бұл рухани мұраның ерекше құндылығына тоқталып, «Бақытжан Әлішерұлы бүгін бізге үлкен миссиямен келіп, ата-бабасынан қалған және өзінің зерттеушілік қабілетімен өмір бойы жинаған әдебиет, дін, тарих, тіл, география салаларын қамтыған кітаптарын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасына арнайы тапсырып отыр.

Араб, парсы, шағата тілдерінде жазылған, көне ғасырлардан бүгінгі дәуір аралығын қамтыған өте сирек кездесетін бұл кітаптар мен қолжазбаларда қаншама тарих жатыр?! Бұл еңбектердің арасында Орта Азия ғана емес, ерте кездерде дүние жүзінде жарық көрген құнды кітаптардың үлгілері бар.

Біз бұл рухани мұраны кітапханамызға қабылдап қана қоймай, шығыстанушы, лингвист, тарихшы ғалымдарымыздан жұмыс тобын құрып, кітаптарға арнайы сараптама жасап, оларды сұрыптап, тақырыптық бағыттарына байланысты салаларға бөліп, нақты зерттеулер жүргізетін боламыз.  Бұл кітаптарды зерделеу барысында олардың мазмұнын жеке-жеке талдап талдап, астарына үңіліп, рухани, ғылыми құндылығына нақты бағасын беретін боламыз.» ­ - деп,  алдағы мақсаттарымен бөлісті.

Универсиет басшысы Жансейіт Түймебаев Бақытжан Әлішерұлына Әл-Фараби кітапханасына тапсырған құнды кітаптары үшін оқу орны ұжымының атынан алғыс айтып, ел ішінде, жеке отбасылық қорда жатқан бабалар мұрасын  кітапхана, мұражайларға тапсырудың ізгі дәстүр екенін тілге тиек етіп, бұл әсіресе кейінгі жас ұрпақтың ұлттық таным-түсінігі мен ой-санасын дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті.

Универсиетіміздің Әл-Фараби кітапханасына тапсырылған кітапатар негізінен Бақытжан Әлішерұлының  атасы ­Дүйсенбек Қабыланбайұлы ақсақалдың жинаған мұралары.

Бүгінде бізге Дүйсенбек ақсақалдың артында мұра ретінде қалған 240-тан астам сирек кездесетін кітаптары мен қолжазбалары жетіп отыр. Дүйсенбек Қабыланбайұлы жинаған кітаптар бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені, кейбір кітаптар өзге адамдарға, туыстарға сыйға беріліп кеткен.

Универсиет кітапханасына тапсырылған кітаптардың ішінде 1324 жылы Мысыр баспасынан шыққан Құран Кәрімнен бастап Пәкістан, Үндістанда, Түркияда, Қазан баспаларында басылған басылған әдеби, тарихи, діни кітаптар бар.

Мысалы, сарғайған көне кітаптардың ішінде бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының көне тарихына қатысты қолжазба деректері кездесетін кітапта ХIХ ғасыр басындағы Ақмола уәялатының қалыптасып, дамуы туралы баяндалған.

Қазанда басылған татар тіліндегі кітапта Ақмола шаhарының географиялық орналасуы мен саяси-әлеуметтік жағдайына анықтама берілген. Сол кездегі Ақмола қазақ даласының орталығы ретінде Сібір мен Орта Азия арасына алтын көпір қызметін атқарып, мәдениеттердің алмасу орталығы болған. Қалада әкімшілік ғимараттары, қонақ үйлер, екі үлкен базар, шағын ұстаханалар жұмыс істеген. Қазіргі кезде Арқа төсіндегі орталық шаhар егемен еліміздің айбыны асқақ астанасына айналған.

Көне кітаптарды кейінгіге мұра етіп қалдырып кеткен Дүйсенбек Қабыланбайұлы 1904 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, бұрынғы Ленин, қазіргі Тұрмағанбет Ізтілеуов атындағы ауылда туған. 1969 жылы 30 мамырда 65 жасында дүниеден өткен. Сол кезеңдегі білім ошағы саналатын Самарқанд медресесінде арабша, парсыша, қадимше білім алған. Сауатты, иманды, тақуа, білімсүйгіш адам болған. Көп жылдар бойы діни қағидаттарды кітап арқылы түсіндіріп еліміздің руханиятын дамытуға өзіндік үлес қосқан.

Дүйсенбек ақсақал ел арасында кішкентай молда, қара молда деген атымен әйгілі болған және де шөптен түрлі дәрі-дәрмек әзірлеп емшілік қасиетімен де танылған.

Дүйсенбек Қабыланбайұлының жұбайы Мыңжан Бұзауқызы 1924 жылы дүниеге келіп 1995 жылы 18 наурызда 71 жасында дүние салған. Ол 13 перзентті дүниеге алып келген алтынқұрсақты ана атанған. Бүгінде Дүйсенбек ақсақалдың ұл-қыздары ата-баба аманатына адал ұрпақ болып өсіп келеді.

Рекомендовать
Последние новости