Қазір Қазақстанда 900-ге жуық әке бала күтіміне байланысты демалыста жүр. Алайда олардың бұл үш жылдық уақыты әйелдердегідей еңбек өтіліне қосылмайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл олқылықты жою үшін жаңа ұсыныс енгізді. Әлеуметтік кодекске дайындалған өзгерістер жобасында әкелердің де бала күтіміне байланысты алған демалысы еңбек өтілі ретінде есептелуі қарастырылған. Құжат "Ашық-нормативтік құжаттар" порталында жарияланып, 24 қыркүйекке дейін қоғам талқысына ұсынылды.
Министрліктің дерегінше, 2024 жылы 191 мың қазақстандыққа зейнетақы тағайындалған. Оның ішінде 106 мыңы әйел, 84 мыңы ер адам. Әйелдердің 52 мыңына бала күтіміне байланысты өткізген үш жылы еңбек өтіліне қосылған. Енді осы тәжірибені әкелерге де қолдану көзделіп отыр.