Академия бастығы абыз актерді құттықтады

Dalanews 24 мая 2021 04:46 898

Жақында ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының ұжымы мен жоғары академиялық басшылықты даярлау факультетінің тыңдаушылары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына, Гогольдың атақты «Үйлену» комедиясына барып, көрермен қатарында болып қайтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл шараның құқық қорғау органдарының өкілдеріне берері көп. Академия басшылығы театр сахнасындағы саңлақ актерлердің өнерін тамашалап қоймай, академиялық театр мен ІІМ Алматы академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойып, алдағы уақытта өзара байланыстардың жалғаса беруге уағдаласты.

Меморандумға байланысты ұлы актер, «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияровтың рөлімен-ақ бүтіндей бір ұрпақты патриотизмге тәрбиелеген Асанәлі Әшімов ағамыз «Сонша жыл театрда істеп жүріп мынадай керемет бастаманы көрген жоқпын. Академия басшылығына рахмет» деп ағынан жарылып, ішкі істер қызметіне абырой тілеп, ізгі ниетін білдірді.

Ал, көрерменге «Үйлену» қойылымы өте ұнады. Актерлардың шеберліктеріне тәнті болып, ұзақ уақыт қол шапалақтап, қошемет көрсетті

Қойылым соңында академия бастығы Айдар Сайтбеков Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атынан өнер тобына ықылас гүлін сыйлап, алғысын айтты. Сонымен қатар өткен мәдениет күніне орай театрдың бірнеше қызметкерлеріне алғыс хат пен сувенирлер табыс етті.

Ең бастысы, спектакльге жиналған көрермен де рухани құндылыққа толы шығармашылыққа қанығып қайтты. Актерлердiң шебер ойыны мен қызықты диалогтар комедияға өзiндiк нәр берiп, көрерменге жақсы көңiл-күй сыйлады.

Рекомендовать
Последние новости