«Air Astana» оқыс жайттардың бәрін халыққа хабарлауға міндетті емес

Dalanews 14 мар. 2017 02:56 1065

Ұшақпен ұшу Алматы көшелерінде көлікпен жүруден қауіпсіз. Осылай деген «Air Astana» әуе компаниясының қызметкерлері бір аптаның ішінде үш бірдей ұшақтың шұғыл жағдайда қонуын кездейсоқтық деп бағалады. Өйткені үш ретте де әуе кемелерінен ақау шыққан екен. Ал танымал экономика шолушысы «Air Astana» әуе сапарларында болған оқыс оқиғаларды жасырып, үнемі құпия ұстайды, – деп сынап отырғанын 31 арна хабарлады.

Экономика шолушысы Кривошеевтің айтып отырғаны «Air Astana» ұшағы 2012 жылы Атыраудан Ыстамбұл қаласына ұшқанда оқыс оқиға болып, «Эйрбас» әуе кемесінің құрылымына зақым келген. Бес жыл өтсе де еш жерде айтылмаған жағдайды ол өз парақшасында фото дәлелдермен жариялады. «Эйрбастың» шанағына сызат түсіп, ұшақ ұзақ уақытқа дейін жөндеуде тұрыпты. Жүздеген адамдардың тағдыры тұрғанда мұндай оқиғалардың болғанын жылы жауып қойып, қоғамға ашық ақпарат таратпауды халықпен санаспауынан көрді. Өзкезегінде экономикалық шолушы Денис Кривошеев:

– Күрделі жағдай болса да, бұл төтенше оқиға туралы бізде ешкімге айтпады. Түркияның авиация қызметі уақытында хабар таратты. Біз білмей қалған қаншама оқиғалар болып жатыр? Компания бәрімізге ашық болуы тиіс. Осы жайттарды азаматтық авиация комитетінен де талап ету керек, – деді.

Ал «Air Astana» қызметкерлері әр болған оқыс оқиғаны тиісті органдарға баяндаймыз, ал көпшілікке айтуға міндетті емес екенін алға тартты. Жақында «Алматы-Орал» бағытындағы  ұшақтың апаттық жағдайда Ақтөбеге қонғаны туралы (графика) ақпаратты да компания таратпапты. 2016 жылы «Air Astana» рейстерінде  35 рет айтарлықтай қауіпті оқиға болған. Олардың көпшілігі әуе кемесіне құстардың соғылуы мен ауа-райының қолайсыздығынан орын алыпты. «Air Astana» әуе компаниясының техникалық қызмет көрсету бойынша аға менеджері Сергей Макаренко:

– Бұл «Air Astana» компаниясына қатысы жоқ нәрселер. Мысалы, Алматыда, Атырауда құстармен соқтығысу жиілеген еді. Оның алдын алу әуежайдың, тіпті әкімдіктің міндетіне кіреді. Ал кейде найзағай соққысы болады. Сыртқы факторлардың да әсері жоғары, – деп өз пікірін білдірді.

Еліміздегі билет құны ең жоғары, әрі ең сенімді деп саналатын компания ұшақтарынан ақау шығып, кезек-кезек шұғыл жағдайда қонғаннан кейін көпшіліктің қорқынышы мен күмәні ұлғайған болатын. "Ұшақтардың барлығы үздіксіз бақылауда, ал ұшқыштар да Еуропаға барып, арнайы тренингтен өтеді" деген компания болған келеңсіздіктерді қайталанбас үшін бұдан былай қызмет сапасын одан сайын арттыруға бекінген сияқты.

 

Манас Қайыртай, Ринат Абулхаиров

Рекомендовать
Последние новости