Орташа жылдық температураның артуы, қуаңшылық пен су ресурстарының азаюы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы үшін құрылымдық өзгерістерді талап етіп отыр. Бұл сын-қатерлерге жауап ретінде елде тиімді су пайдалану жүйелері енгізіліп, егістік алқаптарды әртараптандыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған қаржылық қолдау тетіктері дамытылып жатыр. 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда қандай мақсаттар көзделген? Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығы өнімділігін сақтау үшін қандай жүйелі шаралар қолға алынды? Су үнемдеу технологиялары қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сұрақтарға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берді.
— Климаттың өзгеруі мен су тапшылығы салдарынан ауыл шаруашылығын бейімдеу үшін министрлік қандай шаралар қабылдап жатыр?
— Климаттың өзгеруі жағдайында Қазақстан ауыл шаруашылығы алдында қуаңшылық, су тасқыны мен шөлейттенудің теріс салдарын барынша азайту міндеті тұр. Осыған байланысты мемлекеттік органдар ғылыми ұйымдармен, бизнес өкілдерімен және қоғаммен бірлесіп, бұл қатерлердің алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды іске асырып келеді.
Ұзақ мерзімді шешім ретінде егіс алқаптарын әртараптандыру, жоғары рентабельді дақылдар көлемін ұлғайту, су көп қажет ететін және монодақылдарды қысқарту, жерді ұтымды пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және су тұтынуды есепке алудың цифрландырылған жүйесін енгізу секілді жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін суды есепке алуды тарифтеу және цифрландыру жүйесі де енгізіліп жатыр.
— Қуаңшылық пен су тапшылығынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қандай мемлекеттік қолдау түрлері көзделген?
— Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында 2024 жылғы 17 мамырдағы №167 бұйрықпен «Зиянды өтеу қағидалары» бекітілді. Аталған қағидаларға сәйкес, келтірілген зиян бір реттік негізде төтенше жағдайлардың салдарын жоюға арналған жергілікті бюджет қаражаты, ұйымдар мен ерікті жарналар есебінен өтеледі. Құжатта өсімдік және мал шаруашылығы салаларындағы зиянды өтеу тәртібі нақты көрсетілген.
— Су үнемдеу технологияларын аймақтық деңгейде енгізу жоспарланып отыр ма?
— Соңғы жылдары вегетациялық кезеңде су аз болуы жиі байқалады. Осыған байланысты министрліктің басты міндеттерінің бірі — су тұтыну жүйесін тиімді жолға қою. Қазіргі таңда су көп қажет ететін дақылдарды қысқарта отырып, егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу кезінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Мысалы, 2025 жылы су үнемдеу технологияларымен мақта егу көлемін 50 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған (2024 жылы – 1,9 мың гектар). Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы суармалы жерлер көлемін көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың өзінде мұндай жерлердің көлемі 101 мың гектарға артты, ал қосымша 57 мың гектар жер лазерлік тегістегіш арқылы тегістелді.
Жалпы, су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы жерлердің көлемі 470,1 мың гектарға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1 млн 362 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл технологияларды енгізуге инвестициялық субсидиялар (шығынның 80%-ына дейін), су беру қызметтерін субсидиялау, жабдықтарды несиелеу және лизинг арқылы қолдау тетіктері қарастырылған.
— Мұндай климаттық үдерістер ауыл шаруашылығына қалай әсер етіп отыр? Егіс алқаптары қысқарып жатыр ма? Мал шаруашылығының өнімділігі төмендеді ме?
— Соңғы жылдардағы жағымсыз климаттық құбылыстар, мысалы, 2023 жылы Жамбыл облысындағы қуаңшылық пен 2024 жылы солтүстік өңірлердегі су тасқыны белгілі бір шығындарға алып келді. Мәселен, 2023 жылы Қырғыз Республикасынан су жеткіліксіз келуіне байланысты Жамбыл облысында өңірлік деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Нәтижесінде, ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 26 қыркүйектегі №834 қаулысына сәйкес, агроөнеркәсіп кешенінің 358 субъектісіне 8 049 гектар жер бойынша зиян өтелді.
Ал 2024 жылғы су тасқыны кезінде кейбір алқаптарды су басқанына қарамастан, егіс науқанына кері әсер етпеді — бұл алқаптар ауыспалы пар арқылы қалпына келтірілді.
— Адаптациялық стратегияларды әзірлеуге шетелдік сарапшылар тартылды ма? Қандай бағыттарда ынтымақтастық жүргізіліп жатыр және қандай нәтижелер бар?
— Мемлекет басшысының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес 2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжатта Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу жолдары айқындалған.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін халықаралық сарапшылардың, соның ішінде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қатысуымен көміртек бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі Жол картасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл жоспар қаралу үстінде және табиғи ресурстарды орнықты басқару, парниктік газдар шығарындыларын азайту және климатқа төзімді технологияларды енгізу бойынша кешенді шараларды қамтиды.
— Климаттық қатерлер жағдайында орнықты ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ұлттық немесе өңірлік стратегия дайындалып жатыр ма?
— Иә, мұндай жұмыс жүргізіліп жатыр. 2021 жылдың соңында қабылданған 2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы — орнықты ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ұлттық стратегияның негізі.
Ол ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру, инновациялық технологияларды енгізу, жер және су ресурстарын ұтымды басқару сияқты маңызды бағыттарды біріктіреді. Сонымен қатар, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасымен және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясымен тығыз үйлестірілген, бұл ауыл шаруашылығы саласының ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
— Әңгімеңізге рахмет!