АЭС құрылысының экономикалық тиімділігі: жалпыдан жалқыға дейін

Dalanews 09 дек. 2022 03:00 1263

Көрші елдердегі геосаяси ахуалдан бастап, шетелге жұмыс іздеп ағылған қазақтың технократ жастары, еліміздегі экологиялық ахуал, энергия тарифі, жергілікті жердегі логистика, инфрақұрылым және әлеуметтік-экономикалық мәселе.

АЭС құрылысының экономикалық тиімділігін жалпыдан жалқыға қарай тізбектеп, Dalanews.kz порталына берген сұхбатында экономикалық сарапшы Мақсат Халық осының барлығына кеңінен тоқталады. Сонымен...

«Қазақстанда талантты жастар көп. Әсіресе, технократ, басы істейтін. Бірақ, өкінішке қарай, олардың көбісі шетелге кетуге мәжбүр. Себебі – бізде технологиялық өнеркәсіптер жоқтың қасы.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан шетелге мамандар даярлаумен айналысып жатыр десек те болады. Бұл ащы да болса шындық.

Мықты өндіріс ошақтары, әрине энергияны көп тұтынады. Осы жағынан алғанда, бір АЭС салу арқылы қаншама жастарымызды өз Отанында еңбек етуге ынталандыра алар едік. Сондықтан АЭС құрылысы, экономист ретінде мультипликативті әсерге ие деп айта аламын. Бұл – біріншіден», - дейді ол.

Қазір геосаяси шиеленіс ушығып, экономикалық ахуал шатқаяқтап тұрғаны мәлім. Ресей газын Еуропаға шектеп тасымалдап, салдарынан Батыс елдерінің халқы биылғы қыстан қалай шығатындарын білмей, қиын жағдайға тап келіп отыр.

Маман бұл ретте АЭС-і бар Францияны мысалға келтіреді.

«Ал Франция үшін бұл үлкен проблема емес. Себебі Парижде газдың жылуына деген зәрулік жоқ. Өйткені АЭС-тері бар», - дейді Мақсат Халық.


Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде жүрген іргесінде АЭС-і  бар ірі қалалардың видеосына да назар аудартады:

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]- Оған қарап отырып, расында ойға қаласыз. Неге біз Чернобыль, Фукусима сынды тарихта орын алған бірлі-жарымды төтенше жағдайды миымызға сіңіріп, өздігінен қорқып отыруымыз керек?

Расында, қазір әлемде 250 АЭС жұмыс істеп жатыр, қателеспесем. Барлығы мықты дамыған елдер. Демек, даму мақсат болса, онда АЭС-тан, әрине бас тартпаған абзал. Оның үстіне АЭС-қа қажеттінің басым бөлігі елімізде бар, яғни уран өндірісі, оны байыту жағы және тағысын тағы дегендей. Бұл - екіншіден.[/perfectpullquote]

Экономикалық сарапшы Қазақстан үшін АЭС салу мәселесі өзіндік таңдау дегеннен гөрі бүгінгі күннің зәру талабы деген әлдеқайда дұрысырақ болатынын айтады.

- Үшіншіден, жасыл экономика деген дүние бар. Қазір біз энергияны көмірден, мұнайдан алып жүрміз. Бірақ, оның барлығы ауаға лас шығарындылар бөледі, экологияны бүлдіреді.

Ал АЭС баламалы энергетика көзіне жатады. Оның үстіне АЭС арқылы алынған энергияға салық салынбайды. Өйткені ол таза, экологияны ластамайды. Жалпы, АЭС құрылысы – заман талабы. Біз одан айналып өте алмаймыз. Мұны мәжбүрлі таңдау десек те болады. Өйткені Қазақстан халықаралық қауымдастықпен үзеңгі қағыстыра жұмыс істейді. Соның бірі – Киото хаттамасы және Париж келісімі.

Соған сәйкес, жақын болашақта көмірден энергия өндіретіндерге карбон салығы салынатын болады. Қазір көмірден энергияны көптеп өндіріп, ұтымды пайдаланып жатырмыз, өйткені бұл салық, әзірге күшіне енбеген.


Ал осы салық түрі күшіне енетін болса, онда көмір арқылы өндірілетін энергияның тарифі, біріншіден, еселеп өседі, екіншіден, өндіріс көлемі күрт қысқаруы мүмкін. Міне, сол кезде энергия тапшылығы мәселесі өзектілік танытып, біздің басты мәселеге айналады, - дейді ол.

Оның айтуынша, АЭС – стратегиялық ірі өнеркәсіптік нысан. Жергілікті бюджет салық түсімдерінен құралатынын ескерсек, мұндай жобаның жергілікті өңірге берері, әрине бар.

- Ең бірінші кезекте бұл – инфрақұрылымдар. Алматы қаласынан Үлкен ауылына дейінгі жолдар түзеледі деп есептеймін. Ол автожол немесе теміржол, тіпті әуе жолын да қамтуы мүмкін.


Негізі, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына инфрақұрылымдардың сапасыздығы тежеу болып келеді. Өйткені ол логистикаға бірден-бір кедергі дүние. Одан кейін ірі кәсіпорын болған соң, олардың мойнында әлеуметтік жауапкершілік деген болады. Бұл дегеніміз не?

Ірі компания жыл бойына түскен табысының бір бөлігін өз өңіріндегі әлеуметтік бағдарламаларға бағыттап отырады. Мектепті жөндеу, балабақша салу, аурухана қажеттіліктеріне қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және тағысын тағы дегендей, - дейді маман.

Жалпы, үлкен инфрақұрылымдық жобалардың ел экономикасына үлкен тыныс беретіні – классикалық экономикалық теорияның негізгі бағыты. Соның айналасында мульпликативті әсер пайда болып, көптеген аралас салалар да дами бастайды.

АЭС құрылысы – экономика сарапшылары үшін көптеп ашылатын жұмыс орны, салынатын жолдар, көпірлер, түрлі нысандар. Елге технологияның келуі, шетелдік компаниялардың жобалары.

Ең ақыры, ол энергібаланстың қауіпсіздігіне алып келеді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, өндіріс пен халықтың қажеттілігін өтеу үшін жетерлік деңгейдегі электр энергиясы өз қолымызда болады.

Рекомендовать
Последние новости