"Адам өлтірдім, бала-шағамның бетіне қалай қараймын?" деді": Байжанов сот отырысында тағы бір мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 11 апр. 2024 14:58 4429

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында Бишімбаевтың туысы әрі екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов оқиға болған түн туралы тағы бір деректі айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мен жедел жәрдемнің жанында болдым. Жедел жәрдемге келіп, "Бишімбаев өзін өлтірмекші" деп көмек сұрадым. "Олар "бізге кедергі келтірмеңіз, шығыңыз" деді. Сонымен бармен Абылайға хабарластым. Абылай екеуміз Бишімбаевты ұстап тұрдық.

Қуандықпен сөйлескен жоқпыз. Қуандық есеңгіреп жүрді. "Бақытжан, мен не істеп қойдым?! Қолыммен істегенді мойныммен көтеремін. Адам өлтірдім, бала-шағамның бетіне қалай қараймын? Енді өмір сүре алмаймын" деген сөздер болды", - деді ол.

Бұған дейін ол Бишімбаев қарашаға дейін де үйіндегі видеоны өшіруді сұрағанын мәлімдеді.

"Қарашаға дейін 2-3 ай бұрын Бишімбаев Тұран даңғылындағы тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камераларынан видеоны өшіруді сұрады.

Бұл үйде ол Салтанатпен бірге тұрды. Олардың арасында ұрыс-керіс болған. Ол кезде де мұны көршілері көрмеуін, сондай-ақ, әлеуметтік желіге тарамауын қалады деп ойладым. Ол кезде басқарушы компанияның офисіне бардым, пәтер иелері кооперативінің төрағасы Гүлнұрға менің көзімше видеоны өшіріп тастады", - деді ол сот отырысында.

Байжанов қазір ПИК өкілі видеоны өшіргенін мойындамай отырғанын жеткізді. Айыпталушының айтуынша, бұл оның қызметіне кедергі келтіруі мүмкін екен. Алайда Байжанов бұл видеоны қалпына келтіруге болатынын немесе видео өшірілгенін көруге болатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Бақытжан Байжанов сот отырысында қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенованы бірнеше рет көргенін айтты.

"Салтанаттың бір көзі ісіп тұрғанын көрдім. Вип-бөлменің ішінің астаң-кестеңі шығып жатты. Дәретхананың есігі қирағанын көрдім. Таңертең гастроорталыққа келген кезде Бишімбаев түні бойы шу шығарып, ішімдік ішіп, Салтанатты ұрып тастағанын біліп келдім. Бұл туралы гастроорталыққа келер алдында хабардар болдым. Бірақ ол кезде ештеңе түсінбедім. Салтанатқа қауіп төніп тұрғанын, өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын білмедім. Бұл ақталу емес. Мен тек шын мәнінде не болып жатқанын көре алмадым.

Бұл менің кінәм және мен оған қатты өкінемін. Егер назар аударып қарасам мүлде басқа жағдай болар еді. Енді амал не? Мен уақытында көмектесе алмасам да Салтанаттың жақындары мені кешіре алады деп сенемін", - дейді Байжанов.

Айта кетейік, Байжанов гастроорталықта 2022 жылдан бері директор қызметін атқарған.


Рекомендовать
Последние новости