Абай облысының әкімі Берік Уәли маусымның 19-20 күндері Семей қаласында өтетін «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Бұл бастама – туған жерді дамытуға үлес қосуға ниетті жерлестердің басын қосатын маңызды алаң болмақ, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Форумның негізгі мақсаты – Абай облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және отансүйгіштік рухын күшейту. Аймақ басшысы Берік Уәлидің айтуынша, форум туған топыраққа құрметін білдіргісі келетін әрбір азамат үшін таптырмас мүмкіндік.
«Сіздер сондай қасиетті топырақта туып, қастерлі мекенде түлегендеріңізді ұмытпаңыздар. Ел мен жерге жанашырлық танытып жүрген азаматтар аз емес. Бұл – нағыз отансүйгіштіктің, елге адалдықтың жарқын көрінісі. Алдымызда тұрған маңызды міндеттеріміздің бірі – өңірдің әлеуетін көтеру. Осы жолда бірге еңбек етейік», – деді Берік Уәли.
Форум аясында Семей қаласында 75 мың адамға арналған жаңа ықшамаудан салу жобасы таныстырылады. Бұл ауданда тұрғын үйлермен қатар, жастар сарайы, спорт және мәдениет нысандары, ғылыми орталықтар мен инвесторларға арналған кеңселер бой көтермек.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің түрлі өңірлері Абай облысында әлеуметтік нысандар салуға кірісті.
Берік Уәли форум аясында шетелдік және отандық инвесторлармен ынтымақтастық орнатуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
«Бұл тек форум емес, туған жерге тағзым етудің, ел болашағына бағытталған игі істерді бірлесе бастауға мүмкіндік. Туған жерге туыңды тік, ағайын!», – деді өңір басшысы.