Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен MEETUP-кездесу өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz
Іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы, ардагер ұстаздар, жоғары оқу орындарының басшылары, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері мен студенттер қатысты.
Облыс әкімі Берік Уәли жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде бұл бағдарламаның ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында сөйлеген сөзінде Абай мұрасына сүйене отырып, бұл тұжырымдаманың маңызын ерекше атап өтті. Президентіміздің “Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек” деген сөзі барша білім саласы өкілдеріне ортақ қағидаға айналуы тиіс», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, ол өңірдің білім саласында қолға алынған бірқатар жобаларға тоқталып өтті. Атап айтқанда, Президенттің тапсырмасымен Семей қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысына қаржы бөлінгенін және жастардың бастамаларын қолдау мақсатында Жастар ісі жөніндегі басқарма құрылатынын жеткізді.
Кездесу барысында:
-
Қазақстанның Еңбек Ері, ардагер ұстаз Алма Шүкіжанова,
-
Колледж директоры Шағангүл Жанаева,
-
Облыстық білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрайымы Мәдениет Ахметова,
-
Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры Айрат Базенов,
-
«Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» байқауының жеңімпазы Ирина Бочарова,
-
«Қазақстан Республикасының үздік 100 студенті» байқауының жеңімпазы Шоқан Баймулаев
баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылар аймақ басшысына өз сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Берік Уәли өңірдің дамуына бағытталған жобалар туралы айтып, ауылдарды көркейту, абаттандыру, «Таза Қазақстан» бағдарламасы және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша жоспарларымен бөлісті.
Кездесуге дейін облыс әкімі колледждің оқу кабинеттерін аралап, музей мен кітапхана қызметімен танысты. Сондай-ақ, «Шабыт», «Smart bala», «Балалар кітапханасы», «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы» сияқты жобалар бойынша ұйымдастырылған көрмені тамашалады.