«Абай мұрасы және заманауи музей» атты кездесу өтті

Dalanews 01 июн. 2024 12:45 3810

2024 жылдың 31 мамырында Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абай мұрасы және заманауи музей: таным, білім-ғылым және тәрбие тоғысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Дөңгелек үстелге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Абай университетінің және Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің басшылары мен белгілі ғалымдары, сондай-ақ белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Абай өңірінің зиялы қауымы, әкімдік пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бұл іс-шара Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тікелей бастамасымен өтті. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты жастар арасында Абай мұрасын насихаттаудың инновациялық нысандарын айқындау, жаһандану жағдайында мұражайдың мүмкіндіктерін өскелең ұрпақтың оқу-тәрбие, ғылыми-тәрбие үрдісінде тиімді пайдалану жолдарын іздестіру, өлкетану бағыттағы мәдени туризмді дамыту, Абай музейі мен Абай университетінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылау болып табылады.

Дөңгелек үстел барысында Абай университеті мен Абай мұражайы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және жетілдіру бойынша екіжақты ұсыныстар талқыланды. Өлкетану бағытындағы мәдени туризмді дамытуға, мұражайға келушілер санын арттыру үшін жаңа әдістемелік тетіктерді қалыптастыруға және ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге ерекше назар аударылды. Талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар ұлттық руханияттың алтын діңгегі саналатын қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларында ұлы ақын Абайдың шығармашылығын жұртшылыққа насихаттау, Абай ілімі арқылы жастарға тәрбие беру, оның «Толық адам» туралы ілімін насихаттау жұмыстарына басты назар аударғаны белгілі.

Ел Президентінің бастамасын жүзеге асыру аясында Абай университеті Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында арнайы ғылыми-әдістемелік кабинет ашуды жоспарлап отыр. Бұл кабинет тарихи-мәдени және ғылыми ынтымақтастықты дамытуда, сондай-ақ ұлы Абай есімін алып жүрген екі мекеме арасындағы ынтымақтастық байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болмақ.

Ғалымдардың, педагогтардың, мәдениет және өнер өкілдерінің басын қосқан маңызды іс-шара Абай Құнанбайұлының ұлы мұрасын сақтау және насихаттаудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға және одан әрі даму жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.


Рекомендовать
Последние новости